Алматыдағы дау болған №1 балалар үйінің ғимараты толықтай сүрілетін болды. Жөндеу жұмыстары кезінде балалар басқа жерге орналастырылады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековтің сөзінше, балаларды көшіру жұмыстары қала аумағында жүзеге асырылады.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, орталықтың ғимараты толықтай жаңғыртылады. «Интегра» ЖШС өздерінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бұл істі қолға алып, балаларды көшіруге дайын», – деді әкімнің орынбасары.
Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденовтің сөзінше, балаларды мекемелерге ауыстыру жұмыстары басқарма бақылауында. Балалар уақытша №1 интернатқа көшіріледі.
«Бұл интернат та білім басқармасының қарамағында. Бар-жоғы екі апта бұрын мұнда «Жанұя» арнайы балалар үйінің 90-нан астам тәрбиеленушісі тұрған еді. Балалардың иелігінде 1100 шаршы метрден астам аумақ, 18 бөлме бар. Ғимаратқа жөндеу жүргізілді. Апта соңына дейін балалар көшіріліп, орталықтың ғимараты босатылған соң, құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарына кіріседі», – деді ол.
Қазір нысанды толықтай бұзып, орнына жаңа ғимарат салу жобасы әзірленіп жатыр.
Контекст
Шілдеде №1 балалар үйін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімге балалар қарсы шыққан. Көшіру кезінде полиция балаларға қарсы күш қолданып, автобусқа мәжбүрлеп мінгізбек болған видеолар әлеуметтік желіде тараған. Қоғамдық резонанстан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, балалардың ешқайда көшірілмейтінін айтқан.
Азаматтық белсенділер балаларды басқа жаққа көшіруге балалар үйінің тұрған жері себеп екенін айтты. Олар Бағанашыл шағын ауданындағы жер телімінің бағасы қазір шарықтап тұрғанына назар аударып, балалар үйі орналасқан жерге тұрғын үй салынып кете ме деп алаңдаушылық білдірген.
Балалар үйіндегі даудан кейін көп ұзамай Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбитов қызметінен босатылды. Екеуінің де өз еркімен қызметтерінен кеткені айтылды.