×
541.54
629.16
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.54
629.16
6.64

ЕҚЫҰ Орталық Азия елдерінен журналистерді босатуды талап етуі керек - Ахмедияров

Бүгін, 14:00
ЕҚЫҰ Орталық Азия елдерінен журналистерді босатуды талап етуі керек - Ахмедияров
Коллаж: Ұлысмедиа

Варшавада өткен ЕҚЫҰ конференциясында қазақстандық журналистер мен құқық қорғаушылар сөз сөйледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстандық журналист Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, конференцияның екінші күнінде де Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі журналистердің құқықтарының бұзылуы туралы ауыр оқиғаларды естіп жатыр.

– Таңқаларлығы, Қазақстан өкілдері өз елін Орталық Азиядағы демократия мен сөз бостандығының тірегі ретінде таныстырды. Бірақ олар қазір түрмеде отырған журналистер туралы – мысалы, Думан Мұхаммедкәрім жайлы – ештеңе айтпады. Ал Айдос Садықов мүлде кісі қолынан қаза тапты. Мұндай жағдайлар Орталық Азия мен Кавказдың барлық елінде қайталануда. Кеше басталған конференциядан бері бірінен бірі сорақы оқиғаларды тыңдап отырмын. Бір кезде біз үшін Қырғызстан мен Грузия демократиялық бағдар ретінде көрінетін. Бірақ бүгінде бұл елдер де қарама-қарсы бағытқа бұрылды, ол жерде де демократияға жат үрдістер жүріп жатыр. Біз бір кездері ЕҚЫҰ-ға бір мақсатпен кірдік – елдеріміздегі жағдайды еуропалық стандарттарға жақындату үшін. Алайда соңғы 30 жылда керісінше көрініс байқалды, авторитар елдер еуропалық ұйымдардың жоғары стандарттарын өз деңгейіне дейін түсіріп жіберді, – деді Ахмедияров.

ЕҚЫҰ-ға үндеу

Ахмедияровтың айтуынша, ЕҚЫҰ өз мүше елдеріне қатысты негізгі қағидаттар мен талаптарды ұмытпауы тиіс.

– Бұл талаптар тек ұсыныс түрінде қалмауы керек. Қазір ЕҚЫҰ нақты критерийлермен міндет қоятын уақыт келді. Мысалы, сол критерийлердің бірі – осы жылдың соңына дейін барлық журналистердің түрмеден босатылуы болуы тиіс, – деді ол.

Контекст

Еске салайық, Қазақстанда журналист Думан Мұхаммедкәрім қамауда отыр. Оның жақындары оның денсаулығына алаңдап, дабыл қағуда. Ал 2024 жылы Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықов қастандықпен өлтірілген еді.

Қазір Варшавада Warsaw Human Dimension Conference 2025 өтіп жатыр. Шара ЕҚЫҰ-ның Финляндия төрағалығы және Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының (ODIHR) қолдауымен ұйымдастырылған. 6–17 қазан аралығында өтетін конференция - Еуропадағы адам құқықтары, демократиялық институттар, БАҚ еркіндігі мен заң үстемдігі тақырыптарын талқылайтын ең ірі алаңдардың бірі.

Форум жыл сайын ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдің, азаматтық қоғамның, журналистер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін демократия мен адам құқықтарына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға біріктіреді.

Серіктес жаңалықтары