×
541.54
629.16
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.54
629.16
6.64

Қысым мен қуғынға қарамастан күрес: Мария Мачадо туралы не белгілі?

Бүгін, 15:20
Қысым мен қуғынға қарамастан күрес: Мария Мачадо туралы не белгілі?
Коллаж: Ұлысмедиа

2025 жылдың қазан айында Мария Корина Мачадо «венесуэлдіктердің демократиялық құқықтарын қорғаудағы және диктатурадан демократиялық өзгеріске бейбіт жолмен көшу жолындағы табанды еңбегі үшін» Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығын иеленді. 

Ол депутаттық мандатынан айырылды, сот тыйымдары мен үздіксіз қауіп-қатерге тап болды. Бірақ берілген жоқ. Бұл - елінде авторитаризм тереңдеп бара жатқанда үнсіз қалудан бас тартқан әйелдің тарихы.

Инженерден азаматтық табандылық символына дейін

Мария Корина Мачадо 1967 жылдың 7 қазанында Каракаста инженерлер отбасында дүниеге келген. Католик университеті Андрес Бельоның индустриялық инженерия факультетін тәмамдап, саяси емес, әлеуметтік салада қызметін бастады. Ол Fundación Atenea атты қайырымдылық қорын құрып, жетім және осал балаларға көмек көрсетті.

Кейінірек Мачадо Súmate атты азаматтық қозғалыстың теңқұрушысы болды. Бұл ұйым сайлау процестерінің әділдігі мен ашықтығын бақылаумен айналысты. Súmate қозғалысы билікке есеп беруді талап етіп, аз уақыт ішінде Уго Чавес режимінің басты сыншыларының біріне айналды.

Парламенттегі және одан кейінгі күрес

2010 жылы Мачадо Венесуэла Ұлттық ассамблеясына депутат болып сайланды. Ол сайлауда ең жоғары дауыс жинаған үміткерлердің бірі болды. Алайда 2014 жылы оның мандаты алынып тасталды, ресми себеп «парламенттік тәртіпті бұзу» деп көрсетілді, бейресми себеп - билікке ашық қарсылық білдіргені еді.

Мандатынан айырылған соң да ол күресті тоқтатқан жоқ. 2014 жылы басталған «La Salida» («Шығу») атты жаппай наразылықтарда негізгі көшбасшылардың бірі болды. Ондаған мың венесуэлдік көшеге шығып, президент Николас Мадуроның отставкасын талап етті. Сол кезден бастап Мачадо ел оппозициясының ең танымал тұлғаларының біріне айналды.

Қуғынға қарамастан күрес жолы

Наразылықтардан кейін билік қысымын күшейтті. Мачадоға қылмыстық істер қозғалды, елден шығуға тыйым салынды, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. 2023 жылы ол оппозициялық праймеризде жеңіске жетіп, бірауыздан президенттікке үміткер ретінде танылды. Бірақ билік оған 15 жылға дейін мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салған шешім шығарып, сайлауға қатысуына жол бермеді.

Дегенмен, ол күресті жалғастырды, өзге оппозиционерлерді қолдап, аймақтарды аралады, азаматтарды қорықпауға үндеді. Бүгінде Мачадо Венесуэлада тек саясаткер емес, моральдық көшбасшы ретінде қабылданады. Оның сөзіне тіпті саясаттан шаршағандар да құлақ асады.

Халықаралық мойындау

Соңғы жылдары Мария Мачадо Латын Америкасындағы ең ықпалды әйел-саясаткерлердің бірі атанды.
    •    2018 жылы BBC тізіміне енді — әлемдегі ең ықпалды 100 әйелдің бірі;
    •    2024 жылы Еуропарламенттің Сахаров атындағы «Ой еркіндігі» сыйлығын алды;
    •    Сол жылы Еуропа кеңесінің Вацлав Гавел атындағы адам құқықтары сыйлығына ие болды;
    •    2025 жылы — Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығымен марапатталды.

Норвегияның Нобель комитеті оны «бейбітшілік пен әділдік жолындағы батыл әрі табанды қорғаушы» деп сипаттап, Мачадоның «демократияның отын өшірмей, репрессия жағдайында да күресті жалғастырып келе жатқанын» атап өтті.

Серіктес жаңалықтары