Украинада соғысып жүрген тағы бір Қазақстан азаматы Ресей паспортын алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Украинадағы соғысқа қатысқан Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары Ресей азаматтығын алды. Жаңа төлқұжаттар Челябі облысында табысталды.
Өзбекстаннан шыққан жаңа ресейлік азамат суретте жүзін жасырмаған, ал бұрынғы қазақстандық Виктор Волынский өз келбетін көрсетпеуді жөн көрген.
"Челябіде анам мен әпкем тұрады. Оларды қорғау — менің басты парызым. Әр күн соңғысы болуы мүмкін еді, бірақ біз не үшін күресіп жатқанымызды білдік", – деді ол 1obl.ru сайтына берген сұхбатында.
Волынский Ресей азаматтығын алғаннан кейін күштік құрылымдарда қызмет етуді көздеп отыр.
ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЛДАМАЛЫ СОҒЫСҚА ҚАТЫСҚАНДАРҒА ҚАТАҢ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
Қазақстан заңнамасына сәйкес, жалдамалы соғысқа қатысқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Егер жалдамалылық белгілері болмаса, басқа елдегі әскери әрекеттерге қатысқандарға 5–9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Жалдамалылық дәлелденсе, 7 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, азаматтықтан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.