АҚШ әскери қызметкерлері Израильге бара бастады. Олар Газа секторындағы жағдайды бақылап, Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің орындалуын қадағалайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КООРДИНАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ
Шамамен 200 америкалық сарбаз гуманитарлық және материалдық-техникалық көмекті жеткізуді үйлестіретін, сондай-ақ анклавтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін координациялық орталық құрады.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының басшысы Брэд Купер Газаға барып, Израиль қорғаныс күштерінің (ЦАХАЛ) әскерін шығару жұмысының алғашқы кезеңін растады.
– Бұл ауқымды жұмыс америкалық әскердің Газаға тікелей қатысуынсыз жүзеге асырылады, – деді Купер.
Оның айтуынша, орталықтың жұмысын қолбасшылық басқарады.
КЕПІЛГЕ АЛЫНҒАНДАР МЕН ТҰТҚЫНДАРДЫ АЙЫРБАСТАУ
Бітім шартына сәйкес, ХАМАС ұстап отырған соңғы 48 тұтқын дүйсенбіге дейін босатылуға тиіс. Олардың шамамен 20-сы тірі болуы мүмкін деп болжанып отыр. Ал Израиль шамамен 2 000 палестиналық тұтқынды босатады.
Осы уақытта жүздеген мың палестиналық босқын елдің солтүстігіндегі үйлеріне оралып жатыр. Газа азаматтық қорғаныс агенттігінің хабарлауынша, бітім басталғаннан бері қалаға 300 мың адам келген.
— Адамдар тек үйінділерді көріп жатыр. Олардың үйлері мен аудандары тозаңға айналған, – деді ЮНИСЕФ өкілі Тесс Ингрэм.
Мамандардың айтуынша, Газа секторындағы қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін, себебі Израильдің шабуылы кезінде үйінді астында қалған көп мәйіт әлі табылған жоқ.