Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Бұл туралы мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Фейсбук парақшасына жазды.
«Классик жазушы, ІІ-Дүниежүзілік соғыстың ардагері, даңқты Әбдіжәміл ақсақал Нұрпейісов қайтыс болыпты. Иман байлығын берсін.
Адамзаттың басынан өткен небір сұрапыл дәуірлерді тәнімен де, жанымен де сезінген Алып Жүрек ғасырға жақындап барып тоқтапты.
Көрмеген көшесінен жарылқасын», - деп жазды депутат Фейсбук парақшасына.
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов - 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып жүрген суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.
Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер : Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.
ulysmedia.kz ұжымы жазушының отбасы, туған-туыс, жақындарына қайғырып көңіл айтады.