Сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 12 тілшісінің аккредитация мерзімін үш айға созды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Азатыққа" сілтеме жасап.
12 ТІЛШІСІ АККРЕДИТАЦИЯ АЛДЫ
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 12 тілшісінің аккредитация мерзімін үш айға созған. Алайда Азаттық жаздан бері соттасып келе жатқан 16 тілшінің аккредитациясына қатысты мәселе әлі шешілмеген. “Азаттықтың” ақпаратынша аккредитациясы созылғандар арасында “Азаттықтың” Қазақ қызметінің және "Настоящее время" арнасының тілшілері бар.
“Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімі Азаттық тілшілерінің бір бөлігіне ғана жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал қалған 16 журналист аккредитация алған жоқ” – деп жазды “Азаттықтың” ресми сайты.
Мақалада ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы адамзат өлшемі жиынында елдегі санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі Азаттық тілшілерінің аккредитация ала алмауы мәселесін бірқатар құқық қорғаушылар мен белсенділер қозғағанын да жазған. Дәлірек айтқанда "Құқықтық медиа орталықтың" заңгері Гүлмира Біржанова Қазақстан билігінің журналистерге аккредитация бермеу кейсін елдің халықаралық қауымдастық алдындағы міндетін орындамау ретінде тануды сұрағанын тілге тиек етеді.
БҰҒАН ДЕЙІН
20 тамызда Астана әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстандағы өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талабын қарады. Судья Смағұлов министрліктің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу туралы шешімін заңды деп таныды.