×
539.56
627.35
6.84
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.56
627.35
6.84

Қазақстан үшін тыңшылық тың тақырып немесе ұсталған дипломат шынымен Ресейге қызмет еткен бе

Бүгін, 15:31
Қазақстан үшін тыңшылық тың тақырып немесе ұсталған дипломат шынымен Ресейге қызмет еткен бе
Коллаж: Ұлысмедиа

Кім не десе де, мен тағы да тың тақырып – тыңшылар жайлы ойланамын. Польшада қиын жағдайға тап болған отандасымыз туралы ақпараттың неліктен бізде жабулы тақырып күйінде қалғанын түсіне алар емеспін. Қазақстандық офицер ұсталып, ең ауыр айып – тыңшылық жасады деп айыпталды. Мұндай ауыр айыптау сирек кездеседі. Бірақ уақыт өтіп жатыр, ал ешкім себебін түсіндірмейді, не болғанын, сот қашан өтетінін де айтпайды. Поляк тарабы да, қазақстандық тарап та аузын буған өгіздей тым-тырыс.

Маған белгілі болған мәліметке сәйкес, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Варшаваға ресми нота жолдап, ресми түсініктеме мен консулдық қолжетімділікті сұраған. Алайда жауап әлі жоқ. Польша билігі тергеу құпиясына сілтеп, жағдайды түсіндіруден бас тартқан. Мен тіпті Варшавада емес, Нью-Йоркте жүріп, Польша премьер-министрі Дональд Тускке қазақстандық дипломатты қамауға алу туралы сұрақ қойдым. Бірақ бұл сұрақ оған ұнамағаны анық, себебі жауабы қысқа әрі ресми болды. Яғни «Хабарым бар. Бұл іспен қауіпсіздік қызметі айналысып жатыр» деумен шектелді.

Премьер Тусктің бұл істен хабардар екенін ескерсек, бұл жай ғана бір адамның қателігі емес, әлдеқайда үлкен саяси ойынның бөлігі болуы мүмкін деген ой туады. Шынымен де, қазақстандық әскери дипломат Ресей барлауына жұмыс істеуі мүмкін бе? Әлемдік ақпарат ағындарына шыққан осы іс төңірегіндегі ұзаққа созылған үнсіздік мені мазалайды: адалдыққа ант берген жас офицер шынымен Отанын сатуы мүмкін бе? Иә, оның өмірбаянында «Ресейдің әскери жоғары оқу орнын бітірген» деген тармақ бар. Бірақ бұл айыпқа дәлел бола ала ма? Біздің шенеуніктердің жартысына жуығы ресейлік дипломға ие емес пе?

Егер оның кінәсі дәлелденсе, яғни шынымен тыңшылық жасағаны расталса, онда ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ тек дәлелденсе ғана. Әзірге бұған қатысты ешкім ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Ал егер бұл арандату болса ше? Немесе Варшаваның Батыс серіктестері алдындағы адалдығын көрсетуге арналған саяси қадам ба?

Қалай болғанда да, егер тергеу тыңшылық белгілерін дәлелдесе, бұл тек «Барлау» сыртқы барлау қызметі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен ескерту болмақ. Бұл оқиға мемлекеттің мүддесін қорғауы тиіс жүйеге терең реформа мен жаңа кадрлар қажет екенін аңғартады. Ал әзірге бәрі үнсіз, журналистер болса, аздаған дерек пен сирек комментарийлерге сүйеніп, шындықты құрақ көрпе тіккендей өзбетінше құрауға мәжбүр.

Серіктес жаңалықтары