Украина республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Виктор Майко елді минадан тазалау жұмыстарына қатысты пікір білдірді.
ӘСКЕРИ ТЫҒЫРЫҚ
– Кейбір сарапшылар соғыс тығырыққа тірелді дейді. Яғни, оның жалғасуы мағынасыз, адам өлімі көбейіп, стратегиялық жағдай өзгермейді деген пікір бар. Сіз келісесіз бе?
– Одан бөлек, соғыс Ресейге де, Украинаға да, АҚШ пен Еуропаға да тиімді болды деген пікір бар. Мұндай пікірмен мүлде келіспеймін. Бұл соғыс ешкімге, әсіресе Украинаға, қажет емес. Ертең соғыс тоқтаған күннің өзінде елді қалпына келтіруге кемінде 10-15 жыл, шамамен бір триллион доллар қажет болады. Тек 200 мың шаршы шақырым жерді минадан тазартуға ондаған жыл кетеді. Әр күн сайын бұл аймақтарда бейбіт адамдар қаза табуда: егінші егістікке шықса, бала саябаққа барса, мина жарылып, өмірі қиылады. БҰҰ есебі бойынша, егер барлық хаттама сақталса, толық минасыздандыру 850 жылға созылар еді. Біз бұл жұмысты 15 жылда бітіруді мақсат еттік. Еуропаның өзінде Екінші дүниежүзілік соғыстан бері 80 жыл өтсе де, жарылмай қалған снарядтар әлі табылып жатыр, ал Украинадағы атыс қарқындылығы одан да жоғары болды.
Елді қалпына келтіру үшін мемлекет пен халықтың ғана емес, одақтастардың да орасан күш-жігері қажет. Шетелде жүрген 7 миллион украин мен ел ішінде көшіп жүрген 5 миллион адамды қайтару керек. Әрине, барлығы қайтып келмейтін шығар, кейбірі жаңа елге бейімделіп, балалары мектепке барып, жұмыс тапқан. Бірақ көпшілігі бәрібір оралуды қалайды, бұл сауалнамалардан да, халықтың көңіл-күйінен де байқалады. Дегенмен оралғандарды да қиын сынақ күтіп тұр: баспана, жұмыс, туыстарынан айырылу – бәрі үлкен ауыртпалық. Сондықтан «Украинаға соғыс тиімді» деген сөз – жалған. Бұған Буча мен Ирпеньді көрсеңіз жеткілікті: әр үй, әр көше осы соғыстың парқын айғақтап тұр.
Ресей Украина аумағында химиялық қаруды белсенді түрде қолданып отыр. 2023 жылдың ақпанынан 2025 жылдың қыркүйегіне дейін біздің аумақта химиялық заттар қолданылған шамамен 11 мың жағдай тіркелді. Бұл – Украинаның бейбіт тұрғындарына зор қауіп төндіріп, елдің экологиясына айтарлықтай зиян келтіріп отырған жағдай. Біздің мәліметтерімізді Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының (OPCW) үш ресми есебі растаған.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube арнасынан көре аласыз.