Financial Times ақпаратынша Путин Аляскада Трампқа Рюрик пен Богдан Хмельницкий туралы әңгімелеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОЛАР НЕ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСТІ
Басылым мәліметінше, тарихи тақырыптардағы ұзақ әңгіме Анкоридждегі саммиттің мерзімінен бұрын аяқталуына себеп болған.
Financial Times барлау қызметіндегі жоғары лауазымды дереккөзге сілтеме жасап, 15 тамызда Аляскада өткен Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуінің егжей-тегжейін жариялады.
ТРАМПТЫҢ ҰСЫНЫСЫ
Ақ үй басшысы Ресейге Қырымды мойындау және санкцияларды алып тастау ұсынысын жасаған. Бұл ұсынысқа жауап ретінде Путин соғысты тек өз талаптары орындалған жағдайда ғана тоқтататынын мәлімдеген. Атап айтқанда: Донбасты толық Ресейге беру, Киевтегі билікті ауыстыру, Украинаға батыстық қару-жарақ жеткізуді тоқтату және НАТО-ны кеңейтуден бас тарту.
Осыдан кейін Путин тарихи тақырыптарға ауысып, ортағасырлық князьдер — Рюрик пен Ярослав Мудрыйды, сондай-ақ гетман Богдан Хмельницкийді мысалға келтірген. Бұл Трамптың ашуын туғызған: ол бірнеше рет дауысын көтеріп, ақырында кездесуді тоқтатып, бірлескен түскі асты да жойған.
КИЕВКЕ КӨМЕК ПАКЕТІ
Басылымның жазуынша, Трамп бұл кездесуді «Аляскадағы керемет күн» деп атағанымен, ол Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымын едәуір өзгерткен. Келіссөздерден кейін ол Киевке әскери көмектің жаңа пакетін мақұлдаған.