Қазақстанда ePetition сайтында жаңа Салық кодексінің 286-бабының 16-тармағын қайта қарауды талап ететін петиция жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Петицияны танымал салық сарапшысы Екатерина Ким әзірлеген. Оның айтуынша, бизнес өкілдері мен азаматтық қоғам бұл норманың шағын және орта бизнеске кесірін тигізетінін айтып отыр. Себебі аталған тармақ жеңілдетілген салық режимін қолданатын жеткізушілермен жұмыс істейтін компаниялардың шығындарын есепке алуына кедергі келтіреді.
Жаңа норма іс жүзінде шағын бизнестің ірі тапсырыс берушілермен жұмыс істеу мүмкіндігін шектейді. Кимнің сөзінше, бұл жағдай тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына, жеткізушілер санының азаюына және кәсіпкерлердің бір бөлігінің көлеңкелі экономикаға кетуіне әкеледі.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Біз Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентін Салық кодексінің 286-бабының 16-тармағын жоюға немесе қайта қарауға, мемлекет пен бизнестің мүдделер тепе-теңдігін сақтауға және кәсіпкерлердің салық реформасына деген сенімін нығайтуға шақырамыз, – делінген ePetition сайтында жарияланған үндеуде.
КОНТЕКСТ
Кәсіпкерлердің айтуынша, Қазақстандағы салық реформасы шағын және орта бизнеске қауіп төндіреді. Олар өз қызметін жаппай тоқтатуға дайындалып жатқанын айтады: жеткізушілер сатып алу бағасын 30% көтерген, ал жалдау ақысы екі есе өскен.
Шенеуніктер «тиімді жағдайлар жасалып жатыр» деп мәлімдегенімен, өздері де шамамен 300 мың компанияның нарықтан кететінін мойындайды.