Үкіметтік сағаттан кейін өткен баспасөз конференциясы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов үшін ыңғайсыз сәтке айналды. Себебі оған бизнесмен Гаджи Гаджиевке қатысты тергеу туралы тура сұрақ қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің жауабы түсініксіз болды
Министрдің жауабы түсініксіз болғанынан, бұл тақырыптың ІІМ үшін өте ыңғайсыз екенін аңғаруға болады.
– Мен не туралы айтып тұрғаныңызды түсіндім, иә. Ол жерде… Бұл факті бойынша, шын мәнінде, ресми арыз түскен жоқ, бірақ факт тіркелген. Алайда әзірге арыз болмағандықтан, қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ, – деді Сәденов Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына жауап беріп.
Министрдің айтуынша, Гаджиевтің өзі де, оның жұбайы – ҚР Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева да оларға шағымданбаған. Бұған дейін ол KazTAG редакциясына берген жауабында қыркүйек айының басында күйеуін күштік құрылымдар ұстады деген ақпараттан кейін жала жапқаны үшін сотқа беретінін айтқан болатын.
Бәрі жоққа шығарады, бәрі үндемейді
Ресми органдар Гаджиевке қатысты кез келген ақпараттан бойларын аулақ ұстап отыр. Ulysmedia.kz бірнеше ресми сауал жолдаған, алайда келген жауаптар бір сарында болған.
– Гаджи Гаджиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқан жоқ, – деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
ҰҚК болса «Аталған мәселелер бойынша мәлімет жоқ» деп , одан да қысқа жауап қайтарды.
Сонымен қатар, Гаджиевтің атына тағылған айыптар тым көп және оларды елемеу мүмкін емес. 2022 жылдың соңынан бері оның есімі түрлі тергеулерде үнемі аталып келеді. Мәселен, кәсіпкер Әділет Мусиннің Гаджиев тарапынан қауіп төнгені туралы мәлімдемесі, саяси белсенді әрі «Басе» YouTube арнасының негізін қалаушы Айдос Садықовтың оған 5 мың доллар ұсынып, сатып алмақ болды деген шағымы бар.
2024 жылдың жазында Киевте Айдос Садықов өлтірілген соң, оның жары Наталья Садықова Гаджиевті қылмысты ұйымдастырушы деп тура атады. Украина тергеу органдары Қазақстанға сұрау жіберді, бірақ Бас прокуратура «дәлел базасы жеткіліксіз» деген себеппен тергеуден бас тартты.
Жақында Гаджиевтің есімі Украинаның «Миротворец» сайтындағы деректер базасына енгені хабарланды. Бұл сайтта Украина ұлттық қауіпсіздігі мен халықаралық тәртіпке қарсы қылмыс жасады деп саналған тұлғалар туралы ақпарат жарияланады.
Ulysmedia.kz редакциясы кәсіпкердің өзіне де ресми сұрау жіберген, бірақ әзірге жауап келмеген.
Кімге сенеміз?
Гаджиевтің өмірбаяны 1990-жылдардағы табысты кәсіпкерлердің типтік тарихына ұқсайды. 1974 жылы туған, Жаркентте өскен, бизнесін Қытаймен саудадан бастаған. 2010 жылға қарай ол «Найза-Құрылыс», «Жол Жөндеуші», SA Construction Group секілді ірі құрылыс компанияларын басқарды. Оның фирмалары Алматы–Шу қос жолы, «Хоргос» АЭА нысандары, Алматы–Қапшағай тас жолының реконструкциясы сияқты жобаларға қатысқан. 2015 жылдан бастап компанияларының салық аударымдары 1 миллиард теңгеден асқан.
Сонымен қатар Гаджиев спорт саласында да белсенді болды: NOMAD MMA, кунг-фу және пенчак-силат федерацияларын басқарған. 2024 жылдан бері – Ауыр атлетика федерациясының президенті, 2025 жылдың көктемінде – Қазақстан ҰОК-тің вице-президенті болып сайланған.
СІМ де Гаджиевтен іргесін аулақ салуда
Бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртлеу 8 қыркүйекте Президент жолдауы кезінде кулуарда байқалған кезде журналистер оның Гаджиевпен таныстығы туралы сұрағанда, естімегенсіп, кейін жай жауап қайырған.
– Меніңше, Гаджиевті қазір бәрі жалған ақпараттың арқасында таниды. Мен ешкіммен дос емеспін, – деген ол.
Мұндай реакция түсінікті. Себебі қыркүйек айының басында БАҚ-та Нұртлеу мен Гаджиев ұсталды деген ақпарат тараған. Сыртқы істер министрлігі мұны журналистік этика бұзушылығы деп атады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да БАҚ өкілдерін кәсіби стандарттарды сақтауға шақырды.
Дегенмен жауапсыз сұрақтар әлі бар. Гаджиевке қатысты әңгімелер көптен бері жеке қауесеттер шегінен асып кеткен. Айыптардың көп болуы, құқық қорғау органдарымен байланыс, билік құрылымдарындағы ықтимал қатысы — мұның бәрі тікелей құқықтық баға беруді талап етеді.
Тағы бір таңғаларлығы — Гаджиевтің өзі үнсіз. Ол айыптауларды жоққа шығармайды, сотқа жүгінбейді, ресми мәлімдемелер жасамайды. Сондықтан БАҚ өкілдері болжамға сүйеніп, оның неге өз ар-намысын қорғауға да тырыспай отырғанын анықтауға тырысып жатыр.