Еуроодақ Ресейден газ импортынан толықтай бас тартуға бір қадам жақындады. Ресей бұған дейін негізгі отын жеткізуші ел болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕУРОПА НЕ ІСТЕГЕЛІ ЖАТЫР
BBC-дің хабарлауынша, 20 қазан, дүйсенбі күні мақұлданған жаңа схема Венгрия мен Словакияның қарсылығын айналып өтуге мүмкіндік береді. ЕО елдерінің энергетика министрлері Ресеймен энергетикалық ресурстар саудасына шектеу енгізетін заң жобасын келісті. Еуропарламент мақұлдағаннан кейін, ЕО 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейден газ сатып алуға тыйым салады — бұл құбыр арқылы жеткізілетін де, сұйытылған да газға қатысты. Қазіргі таңда ресейлік газдың ЕО импортына үлесі шамамен 13%-ды құрайды.
ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ
Бүгін келісілген жоба өтпелі кезеңді қарастырады. Жалпы алғанда, ресейлік газ импорты 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тыйым салынады. Алайда 2025 жылдың 17 маусымына дейін жасалған қысқа мерзімді келісімшарттар 2026 жылдың 17 маусымына дейін күшінде болады, ал ұзақ мерзімді келісімшарттар — 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасуы мүмкін.
ӨТЕ МАҢЫЗДЫ
Ресейлік газдан бөлек, ЕО алдағы күндері Ресейдің басты тауары — мұнайға қатысты жаңа шектеулер енгізуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар «көлеңкелі флот» деп аталатын танкерлерге бағытталмақ.