Продюсер Айсәуле Әбілда Алматы полициясының әрекетіне наразы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Продюсер оқиғаның жай-жапсарын әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады. Оның айтуынша, 5 қазанда Алматыда түсірілім жұмыстары өткен.
- Сахнаның сценарийдегі уақыты - 2004 жыл. 3 көлікке сол жылдардағы нөмірді салып, әл-Фараби-Достық көшелерінің қиылысында бұрылып бара жатқан жерінен көліктерді полиция тоқтатады. Кино түсіруге рұқсатымызды сұрап, біз Алматы қалалық Полиция департаментінен алған назарға алынды деген шаблонды жауабы бар хатымызды көрсетеміз. Алматы қалалық мәдениет басқармасынан алған рұқсатымыз да бар, – дейді Айсәуле Әбілда.
Алайда соның бәрін қарап, біле тұра полицейлер хаттама толтырған.
- Сондағы уәждері бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-пунктіне сәйкес деген заңды бұзып тұр екенбіз.Алайда бұл жалған нөмірді ешкім қасақана тақпағанын, 60 адам ыстық пен суықта күн-түн демей кино түсіріп жүргенімізді, ол үшін мемлекеттік органдарды ескерткенімізді есепке де алған жоқ, - деп ашынды ол.
Продюсердің сөзінше, сол күні көлік айдап, табыс тауып жүрген жігіттерді полиция бір тәулікке қамаған.
- Ертесіне болған сотқа мені қатыстырмай, ештеңе түсіндіруге мүмкіндік берместен, сот хаттамасына бұл жігіттер көлікке жалған нөмірді қылмыс жасау үшін әдейі жабыстырғандай толтырып тастап, көліктің бәрін 1 күнге айып тұрағына тоғытып, жүргізушілерді 1 күнге қамады. Сол жағдай үшін жүргізушілерге біз ертесіне 2 240 000 теңге сыйақы төлеп бердік, - деді продюсер.
Продюсер негізі бұл жерде жүргізушілердің мақсаты қылмыс жасау емес, киноға түсу болғандықтан бұл істе әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқ екенін, оған қоса көшеде кино түсіру бойынша ешқандай норматив, ереже жоқ, әркім өз білгенінше хат жазып жүрміз дегенімізге ешкім назар да салған жоғын атап өтті.
- Кейін сотта да мені қатыстырмай, қатысу туралы өтінішімді де қарамастан сотты онлайн өткізіп тастады. Уақыттары тым тығыз, біреудің мұң-мұқтажын тыңдауға уақыттары жоқ қой бұл органдардың. Адамды жазаламас бұрын ескерту, толық ақпараттандыру, осы салада нормативтер базасының қалыптаспауын түсінетін бе еді біздің “шаш ал десе, бас алатын” полиция?! Қанша танысымыздың көлігі жоғалып, ақшасы тоналып жатқанда технология дамыған заманда таба алмаған полиция кинодағы көліктерді қылмыскерше ұстап мәз, – дейді Айсәуле Әбілда.
Хаттамаға да кино туралы бір сөз жазбай, жүргізушілер шын жалған немірмен қашып бара жатқандай толтырып, жала жауып жіберген.
- Оның байыбына баратын әділ сот қайда?! Олар да сол негізде қабылдап, үш жігітті бір жылға көлік айдау құқығынан айырып, үш отбасын нәпақасыз қалдырып отыр. Кино мамандарын неше күн бойы әурелегенше, сол уақытта қанша шын қылмыскерлерді ұстамады ма деп ойлайсың кейде. Алайда осылай кино ойнаған олардың өздеріне де ұнап қалған сияқты. Бәрін біле тұра, көре тұра, көрмегендей міз бақпау, жала жабу, бірдеңені іліп жіберу жағын шебер меңгерген екен не болса да, – дейді ол.
Қазір енді сол үш көлік жүргізушісі бір жыл көлік айдай алмайтындықтан өтемақыға алты миллион теңге сұрап отыр.
- Бұл оқиғадан түйгенім — біздің әділетсүйгіш полицияның басты мақсаты — бізді қорғау емес, қорқыту һәм қорлау екен, – деп түйіндеді продюсер.