Қазақстанда дәрігерлердің кәсіби қателігі салдарынан зардап шеккен науқастарға өтемақы төлеу жүйесі бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда ресми мәліметке сүйенсек, бұл жүйе толық іске аспаған: ел бойынша бар болғаны 15–20 адам ғана дәрігер қателігі үшін өтемақы алған. Ал, депутат бұл көрсеткіш тым аз деп бағалады. Жалпы дәрігерлердің кәсіби қателігі үшін қандай өтемақы төленеді? Бүгінге дейін қанша іс тіркелді? Ulysmedia тілшісі анықтап көрді.
ДӘРІГЕР ҚАТЕЛІГІНЕН ҚАНША АДАМ ӨТЕМАҚЫ АЛДЫ?
Дәрігер қателігі үшін өтемақы алған науқастардың саны елде бар болғаны 15-20 адам. Бұл деректі денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәжілісте өткен талқылау кезінде айтты. Оның сөзінше, жыл басынан бері жүзден астам тәуелсіз сараптамалық комиссия отырысы өткен. Соның нәтижесінде небәрі бірнеше іс бойынша ғана дәрігердің кінәсі дәлелденіп, өтемақы төленген.
- Мұндай төлемдермен денсаулық сақтау министрлігі емес, сақтандыру ұйымдары айналысады. Жыл басынан бері тәуелсіз сарапшылар комиссиясының жүзден аса отырысы өтті. Соның нәтижесінде шамамен он беске жуық науқасқа дәрігердің қателігі үшін өтемақы төленді, – деді Сұлтанғазиев.
Алайда бұл көрсеткіш денсаулық сақтау саласындағы нақты жағдаймен салыстырғанда тым аз. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова да қазіргі тетікке күмән келтіріп, жүйені қайта қарау қажеттігін айтты.
- Өтемақы алған 15-20 адам - бұл өте аз. Іс жүзінде қаралып жатқан жағдайлар әлдеқайда көп болуға тиіс. Себебі елімізде науқастардан түсіп жатқан шағым аз емес. Сондықтан осы механизмнің тиімділігі мен ашықтығын күшейту қажет, – деді депутат.
ЖҮЙЕ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
2024 жылдан бастап Қазақстанда медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізілген. Егер дәрігердің кәсіби қатесі дәлелденсе, пациент сақтандыру компаниясы арқылы өтемақы алады. Заң бойынша, егер медициналық көмектің салдарынан пациент көз жұмса, оның туыстарына 12 млн теңгеге дейін өтемақы төленеді. Ал мүгедектікке ұшыраған жағдайда, мөлшері мүгедектік тобына қарай 500-800 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) аралығында белгіленеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің дерегінше, 2024 жылдың қазанынан бері тәуелсіз комиссиялар 195 істі қараған. Оның 155-і «медициналық инцидент» деп танылып, тек 13 іс бойынша ғана сақтандыру төлемі жасалған. Жалпы төлем сомасы – 128,1 миллион теңге.
АРЫС ОҚИҒАСЫ ЖҮЙЕНІҢ ӘЛСІЗ ТҰСЫН АШТЫ
Жүйенің тиімділігіне күмән тудырған оқиғалардың бірі – күні кеше мәлім болған Арыстағы жағдай. 4 жастағы бала медициналық көмекке ұзақ күткеннен кейін комаға түсті. Ата-анасының айтуынша, ауруханаға түнгі үш жарымда келгенімен, дәрігерлер оны 6 сағаттан кейін ғана қараған. Бұл іс бойынша тексеріс жүріп жатыр, бірақ мұндай жағдайлар сирек емес.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІҢ КӨБІ ДӘРІГЕР НЕМҚҰРАЙЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ
Медицина саласына қатысты қылмыстық істердің 90%-дан астамы Қылмыстық кодекстің 317-бабы — «Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша қозғалады. Ұлттық статистика бюросы мен бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2023 жылы – 297 іс, 2024 жылы – 282 іс, 2025 жылдың қыркүйегіне дейін – 243 іс тіркелген.
Яғни 3 жыл қатарынан айтарлықтай төмендеу байқалмаған. 2025 жылы тергеулердің көпшілігі сараптамалардың ұзаққа созылуына байланысты тоқтап тұр. Биылдың өзінде 70 іс сот-медициналық сараптаманың кешігуіне байланысты уақытша тоқтатылған.