×
538.53
623.94
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.53
623.94
6.59

Энергетика министрлігі: газды арзанға сату тапшылық туғызады

Энергетика министрлігі: газды арзанға сату тапшылық туғызады
Фото: kaztag.kz

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов газдың өзіндік құны өсіп келе жатқанын және бұл жағдай бағаның да сәйкесінше түзетілуін қажет ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ПІКІРІ

Оның айтуынша, кез келген тауар сияқты газдың да өндіріс шығындары артып келеді, сондықтан баға саясаты нарықтық негізге сүйенуі тиіс.

- Газдың өзіндік құны өссе, оның сату бағасын да кем дегенде сол шамада түзету қажет. Өнімді өзіндік құнынан төмен бағамен сату дұрыс емес, себебі ол тапшылыққа алып келеді, – деді Санжар Жаркешов.

Вице-министр атап өткендей, бұл қағида кез келген тауарға қатысты — газ болсын, нан не көкөніс болсын. Бағаны төмен ұстау тек әлеуметтік мақсатта уақытша шара ретінде қарастырылуы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде мұндай тәсіл тұрақсыз.

Сонымен қатар, ол ірі коммерциялық тұтынушылар, әсіресе экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындар, энергия ресурстарын төмен бағамен сатып алмауы керек екенін айтты.

- Ұлттық операторлар мен компаниялар табыс табуға тиіс, себебі ел бойынша инфрақұрылымдық жобалар сол табыстың есебінен жүзеге асады, – деді вице-министр.

Жаркешовтің айтуынша, қазіргі таңда газ бағасына қатысты нақты деректер салалық уәкілетті органдардың құзырында, алайда жалпы қағида өзгермейді, баға мен өзіндік құн арасындағы теңгерім сақталуы қажет.

ӨҢІРЛЕРДЕГІ ГАЗ БАҒАСЫ

Қазақстанның бірнеше өңірінде газ бағасы өсіп жатыр, ал кей аймақта жаңа тариф енгізу жоспарлануда.

Батыс Қазақстан облысында «QazaqGaz Aimaq» компаниясы газ тасымалдау тарифін 3 есеге дейін көтеруді ұсынды. Қазіргі бағасы мың текше метрге 3 655 теңге болса, жаңа жобада ол 9 630 теңгеге жетуі мүмкін. Компания мұны материалдар мен қызметтердің қымбаттауымен, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру қажеттілігімен түсіндіреді.

Ал, Петропавлда 20 қазаннан бастап газ тарифі 9,7 пайызға өсті.

Сондай ақ, Қостанай облысында тарифті шамамен 66% дейін көтеру жобасы қаралып жатыр. Дегенмен, билік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар үшін нақты өсім 10 пайыздан аспайды деп болжануда.

Серіктес жаңалықтары