Элиталы жылжымайтын мүлік шамамен 3 миллиард теңгеге бағаланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
«Выход к морю» Telegram-арнасының мәліметінше, кәсіпкер Сергей Кан мен оның әйелі Жанна Дубайдағы қымбат пентхаустың иелері. Оның бағасы 3 миллиард теңге немесе 5,7 миллион доллар.
Пентхаус әйгілі Palm Jumeirah аралында орналасқан. Кешенде бақтар, бассейндер және жеке жағажай бар. Үйдің жалпы аумағы 406 шаршы метр, ішінде төрт жатын бөлме, алты жуынатын бөлме, кең қонақ бөлме мен жеке бассейні бар ашық терраса орналасқан.
Баспасөз мәліметіне сүйенсек, ерлі-зайыптылар бұл жылжымайтын мүлікті 2013 жылы 2 миллион долларға сатып алған. Бүгінде оның құны үш есеге жуық өскен.
ДАУЛАР
Сергей Кан мен оның серіктесі Александр Клебанов Қазақстандағы энергетикалық инфрақұрылым нысандарын басқарады. Бұл сала жиі сынға ұшырайды.
2022 жылы Екібастұз бен Петропавлдағы жылу электр орталықтарында ірі апаттар болып, тұрғындар жылусыз қалған еді. Жабдықтардың ескіруіне байланысты кәсіпкерлер аталған ЖЭО-лерді жергілікті билікке өткізді. Соның нәтижесінде олардың жөндеуіне бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.
ӘЙЕЛІНЕ ҚАТЫСТЫ ДАУ
Бұған дейін Сергей Канның әйелі Жанна Кан ұйымдастырған Be Woman форумы төңірегінде дау шыққан еді. Форумның бір спикері сахнада Путинді мақтаған соң, бизнесвуменді «соғысты насихаттады» деген айыппен украиналық «Миротворец» сайтының базасына қосуды талап етті.