×
538.11
623.51
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.11
623.51
6.61

Мұхтар Тайжан Ресей санкцияларының Қазақстанға қалай әсер ететінін түсіндірді

Мұхтар Тайжан Ресей санкцияларының Қазақстанға қалай әсер ететінін түсіндірді
Ulysmedia.kz коллажы

Белгілі белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Мұхтар Тайжан Ресейге қарсы жаңа санкциялар Қазақстанға қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мұхтар Тайжанның сөзінше, Ресейге қарсы санкция халықаралық деңгейге маңызды жаңалық. 

- Трамп басшылық қызметке келгелі бері Ресейге қарсы бірінші рет санкция салды. Бұл санкция өте маңызды және Ресей үшін, энергетикалық секторы үшін өткір, ауыр соққы болды. “Ростнефть” және “Лукойл” мұнай компанияларына санкция салынды. Салдарынан Үндістан мен Қытайдың ірі компаниялары мұнайды әзірше Ресейден сатып алмаймыз, тоқтата тұрамыз деп мәлімдеді. Үндістан түгел келісімшарттарын зерттеп, тексеріп жатырмыз деді. Қытай мен Үндістан Ресей үшін ең үлкен сатушылар болып саналады, – дейді саясаткер.

Ал мұнай негізінен Ресей үшін ең маңызды экспорттық позиция. Ресей бюджеті үшін өте маңызды мәселе дейді саясаткер.

- Бұл санкция ретіндегі соққының ауыр болғанын мынадан байқауға болады: күні кеше Трамптың шешімінен кейін “Ростнефть” және “Лукойл” акцияларының бағалары биржада жаппай түсіп кетті. 5, 3 пайызға түсіп кетті, ол өте үлкен көрсеткіш. Сол күні еуропалықтар Ресейге қарсы санкцияның 19-пакетін жариялады. Оның ішінде бірнеше банк бар. Қазақстандық ВТБ банкі де сол тізімде жүр. 117 танкер санкцияға ілінді, – дейді Тайжан. 

Яғни энергетикалық секторына бір күнде Америкадан, екінші жағынан Еуропадан Ресей экономикасына қатты ауыр соққы тиді.

- Ол біз үшін неге маңызды? Себебі Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын жүргізу үшін қаражаттық күш азаяды. Мысалы әскерлерге төлейтін ақша жетпей қалса, сарбаздардың майданға бару не бармауы екіталай. Қазірдің өзінде Ресейдің бірнеше аймағында сарбаздарға жалақысын 3-4 есе азайтып отыр. Яғни адамдар соғысқа көп бармайды деген сөз. Көп бармаса Ресей майданда жеңілуі мүмкін, – дейді Мұхтар Тайжан. 

Екіншіден, саясаткердің сөзінше, бұл ақша Ресейдің бюджетіне маңызды. Қазіргі таңда Ресейдің 67 аймағы банкрот болып отыр.

- Мектеп, денсаулық жүйесіне беретін айлықты азайтып жатыр. Аймақтарда ақша жоқ. Яғни ресейліктердің өмір деңгейі азаяды. Бұл тек менің емес, сарапшылардың болжамы. Әрі қарай федералдық бюджеттің дефициті 4 триллионға жеткен, ол шамамен 50-60 миллиард доллар. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш одан да жоғары болады. Себебі ең маңызды шығарылым жыл аяғында болады. Кейбір танымал тәжірибелі экономистердің болжамы бойынша, бұл көрсеткіш Ресейдің федералдық дефициті 8 триллионға жетуі мүмкін. Мысалы Вьюгин (экс-министр) осылай болжап отыр, – дейді саясаткер.

РЕСЕЙГЕ АҚША ТАБУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

Ресей бұл дефицитті қалай қаржыландырмақ? Ақшаны қайдан табады? Саясаткер оның бірнеше жолын айтты. 

- Бір жолы – сыртқы қарызды көбейту. Бірақ Ресейге ақша беретін мемлекет аз. Себебі дүниежүзіне тиесілі қаражаттың 80-90 пайызы Америка мен Еуропада. Бұл елдер Ресейге қарыз бермейді. Жапония қарыз бермейді. Қытай да бермей отыр. Себебі Қытайдың ішкі нарығындағы компанияларға қарыз алуға тыйым салынды. Ресей юаньмен қарыз ала алмайды, – дейді Мұхтар Тайжан.

Ал екіншіден, ішкі нарықтан қарыз ала алады.

- Солай істеп те жатыр. Бірақ сол қарыздың құны, пайызы өте жоғары – 15 пайыздан асты. Яғни 100 теңге алсаң, 115 теңге қылып қайтарасың. Мемлекет үшін 15 пайыз өте жоғары деңгей. Ол өте тиімсіз нәрсе.

Үшінші жолы ақшаны басып шығару. Яғни баспа аппаратын қолданып, рубльді негізсіз басып шығару.

- Бірақ салдарынан инфляция болады. Оның деңгейі Ресейде өте үлкен. Инфляция не үшін экономикаға зиян? Себебі инфляция жоғары болса, халық кедейшілікке тап болады. Бизнес ешқандай инвестиция жасамайды. Ол заңды нәрсе. Егер кәсіпкерлер инвестиция жасамаса жұмыс орны қайдан пайда болады? Жұмыссыздық көбейеді. Сол үшін инфляция зиян нәрсе. 

Орталық банктің мөлшерлемесі өте жоғары деңгейде. Бізде де, оларда да. Мұндай пайызбен несие алу мүмкін емес. Яғни Ресейдің экономикасы үлкен проблемаға тап болып жатыр. Ол тек менің ойым емес, экономистердің болжамы, – дейді Тайжан.

ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ

Мұхтар Тайжан Қазақстанның экономикалық саясаты Ресейге байланып отырғанын атап өтті. 

- Біз Ресеймен бірге он жылдан бері бірыңғай кедендік одақтамыз. Шекарамыз ашық. Экономикалық саясатымыз Ресейге байланып отыр. Сондықтан бізде де инфляция жоғары. Соғыстың кесірінен біздің халқымыз зардап шегіп отырмыз. Бізге ол тиімсіз. Кәсіпкерлер инвестиция жасамайды. Біздің халқымыз да ертең жұмыс таба алмай қалады. Қазірдің өзінде жұмыс табу оңай емес. Ал біздің шекара Ресеймен ашық. Егер олар бізге көптеп келетін болса біз не істейміз? Әсіресе майданнан оралып келе жатқан адамдар келсе… Олар қанды көріп келе жатқан, қарулы адамдар ғой, – дейді Тайжан.

Сондықтан, саясаткердің сөзінше, шекараны қатаң бақылауға алуымыз керек. Ертең бұл проблемалар біздің елде де болуы мүмкін.

- Жалпы Ресей мен Украина арасындағы соғыс, яғни агрессия не үшін маңызды? Себебі бұл жай соғыс емес. Егер Ресей жеңсе құрамына 30-40 миллион адамы бар өте мықты ел Украина бар шамасын Ресейге береді деген сөз. Украинаның армиясы өте мықты. Сарбаздар жеңіліп Ресей армиясына қосылса, Еуропаның ахуалы мүшкіл болуы мүмкін. Сол үшін бұл соғыс бәріне маңызды. Ертеңгі дүниежүзінің тағдыры қандай болмақ? Ол соғыстың нәтижесіне қатты байланысты. Біз көршілерге қатты тәуелдіміз, – деп түйіндеді Мұхтар Тайжан. 

САНКЦИЯЛАР

Еске салайық, күні кеше Трамп ресейлік компанияларға санкция енгізген болатын. Артынша Қазақстандағы банк та Еуроодақтың жаңа санкция тізіміне енді. 

Серіктес жаңалықтары