Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин тағы дателефонмен сөйлесті, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Ақорданың хабарлауынша, екі ел басшылары Тоқаевтың 12 қарашадағы Мәскеуге мемлекеттік сапарының жай-жапсарын пысықтаған. Бұл сапар «екі елдің стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту тұрғысынан айрықша маңызды екеніне назар аударған».
Сонымен қатар президенттер «әлемдегі қазіргі ахуалдың кейбір аспектілерін қарастырған».
Тоқаев пен Путиннің тілдесуінен кейін Кремль «екі жақтың күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды» деген қысқа хабар таратты.
Контекст
Қазақстан мен Ресей президенттері телефонмен жиі сөйлеседі. Бұл – соңғы үш айдағы кемі төртінші тілдесу. Бұдан бұрын олар Владимир Путиннің туған күні – 7 қазанда әңгімелескен.
8 тамыздағы сұхбатта Путин Тоқаевқа АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткофпен кездесу нәтижесін баяндаса, 17 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамппен Аляскадағы жүздесуінің жай-жапсарын айтқан. Қыркүйектің соңындағы әңгімеде олар Тоқаевтың Мәскеуге сапарын талқылаған.
Осының алдында ғана Қазақстан президенті 6 қарашада Вашингтонда өтетін «АҚШ-Орталық Азия саммитіне» Дональд Трамптан шақыру алған. Тоқаев Трампқа хат жолдап, саммитке шақырғаны үшін алғыс айтқан. Тоқаев пен Путин бұл саммитті талқылады ма, жоқ па белгісіз.
Соңғы тәуліктерде Вашингтон мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық текетірес ушыға түсті. 26 қазанда Кремльдің баспасөз қызметі ядролық күш қондырғысы бар құрлықаралық «Буревестник»қанатты зымыранын сынақтан өткізгенін хабарлады. АҚШ президенті Мәскеудің мұнысын «орынсыз» деп сынға алды.
Ресми Астана Ресейдің Украинаға агрессиясын ашық қолдаған да, қарсы шыққан да жоқ. Есесіне Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеп, Ресей аннексиялап алған украин облыстарын «Ресейдің бөлігі» деп танымайтынын айтқан.