Пара алғаны үшін сотталған экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова тойда жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әлеуметтік желіде тараған видеода Хаменова қыз ұзату тойында жүргенін байқауға болады. Видеода экс-шенеунік облыстың жоғары лауазымды тұлғаларының қасында тұрғаны байқалады.
СОТ НЕ ДЕЙДІ
Атырау облыстық соты Ұлыс тілшісіне Бақытгүл Хаменованың жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілгенін еске салып, оның бұл әрекеті заңды екенін атап өтті. Айта кетейік, Хаменоваға сот үкімі 2022 жылдың 15 қарашасында шыққан болатын. Сондықтан оның кейінге шегерілген үш жылдық мерзімінің де уақыты аяқталуға жақын.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салсақ, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін дайындау мен орнатуға келісім жасасқаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталған болатын. "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамовқа пара берді деген айып тағылды.
Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты үкімнің орындалуы 3 жылға шегерілді. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік лауазымда қызмет атқару құқығынан айырылды. Ал Ақылбек Рысқалиев 7 жылға, Өміртай Адамов 4 жылға сотталған болатын.