×
538.13
624.88
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.13
624.88
6.64

Германиядағы «Роснефть» активтері АҚШ санкциясынан құтылды

Бүгін, 23:10
Германиядағы «Роснефть»  активтері АҚШ санкциясынан құтылды
Ашық дереккөзден

Германияның экономика министрі Катерина Райхе мәлімдегендей, ел аумағындағы "Роснефть" компаниясының сыртқы басқарудағы активтері АҚШ-тың ресейлік энергетикаға қарсы жаңа санкцияларына ілікпейді. Бұл туралы ол 28 қазанда сыртқы экономикалық байланыстарға арналған конференцияда Reuters агенттігіне хабарлады.Министр Вашингтоннан түнде алынған "кепілдік хатқа" сілтеме жасады. Оның айтуынша, бұл мәлімдеме мерзімсіз күшінде болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АҚШ-ТЫҢ "ЛУКОЙЛ" МЕН "РОСНЕФТЬКЕ" ҚАРСЫ САНКЦИЯСЫ

22 қазанда АҚШ Ресейдің Украинадағы соғысты бейбіт жолмен аяқтауға шынайы ниет танытпағанын алға тартып, жаңа санкциялар енгізді. Қара тізімге "Роснефть" пен "Лукойл" секілді ірі ресейлік мұнай компаниялары және олардың Ресейдегі еншілес кәсіпорындары енгізілді.

Сонымен қатар, 50%-дан астам үлесі бұғатталған тұлғаларға тиесілі кез келген заңды тұлғаларға да шектеу қойылды. Бұл талапты бұзған жағдайда АҚШ азаматтарына және шетелдіктерге азаматтық немесе қылмыстық санкциялар қолданылуы мүмкін. Алайда бұл тізімде Германиядағы Rosneft Deutschland пен RN Refining & Marketing компаниялары жоқ.

ГЕРМАНИЯДАҒЫ "РОСНЕФТЬ" ЕНШІЛЕС КОМПАНИЯЛАРЫН МЕМЛЕКЕТ БАСҚАРАДЫ

Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Германия билігі Rosneft Deutschland пен RN Refining & Marketing компанияларын "Роснефтьтің" бақылауынан шығарып, оларды Федералдық желілік агенттікке сенімгерлік басқаруға тапсырды. Дегенмен меншік құқығы "Роснефтьке" тиесілі күйінде қалды.

Rosneft Deutschland Германиядағы мұнай өңдеу қуатының шамамен 12%-ын құрайды. Компания Шведт қаласындағы PCK Schwedt, Карлсруэдегі MiRo және Фобург-на-Дунайдағы Bayernoil секілді үш ірі мұнай өңдеу зауытына үлеске ие.

BLOOMBERG: АҚШ ГЕРМАНИЯҒА "РОСНЕФТЬ" АКТИВТЕРІН РЕТТЕУГЕ ЖАРТЫ ЖЫЛ УАҚЫТ БЕРДІ

27 қазанда Bloomberg агенттігі АҚШ Германия үкіметіне "Роснефтьтің" неміс активтерінің меншік құрылымын реттеу үшін алты айлық мерзім бергенін хабарлады. Дональд Трамп әкімшілігі Rosneft Deutschland компаниясына бір реттік, жаңартылмайтын шектеулі лицензия беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын неміс тарапына жеткізген.

Серіктес жаңалықтары