 
                    БҰҰ-ның Украина бойынша төтенше көмек жөніндегі үйлестірушісі Маттиас Шмале мәлімдегендей, Ресейдің жаппай әуе шабуылдары елдегі электр, су және жылу жүйелерінің бір бөлігін істен шығарған. Оның айтуынша, БҰҰ-ның Киевке қолдау көрсетуге қажетті қаражаты жеткіліксіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ҚАЖЕТ
31 қазанда Женевада сөйлеген Шмале Украинадағы жағдайдың қыс түскенге дейін күрт нашарлағанын атап өтті. Оның айтуынша, зардап шеккен өңірлерге шұғыл гуманитарлық көмек қажет. Мысал ретінде ол Сум облысындағы 40 мың тұрғыны бар Шостка қаласын келтірді — бұл қала қазан айының басынан бері жарықсыз қалған.
2025 ЖЫЛҒА ҚАРАСТЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҚАРЖЫ ЖЕТІСПЕЙДІ
Шмале БҰҰ мен серіктес ұйымдар биыл Украинада шамамен 4 миллион адамға көмек көрсеткенін айтты. Алайда 2025 жылға жоспарланған гуманитарлық көмекке қажетті қаражаттың жартысынан астамы жетіспейді. Қазіргі таңда донорлар небәрі 1,15 миллиард доллар бөлген, бұл Украинаға қажет жалпы соманың 44 пайызы ғана.
ҚАЗАНДАҒЫ ДРОН ШАБУЫЛЫ ЖӘНЕ ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР
Қазан айының басында Ресей дрондары Сум облысындағы Шостка теміржол вокзалына шабуыл жасап, жолаушылар пойызына зақым келтірген. Президент Владимир Зеленский ондаған адамның жарақат алғанын хабарлады. Сол күні «Сумыоблэнерго» компаниясы Ресейдің инфрақұрылымға жасаған соққылары салдарынан Шостка қаласы мен Шостка ауданының бір бөлігі жарықсыз қалғанын мәлімдеді.
 
            
             
            
             
            
            