Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Израильді балаларды қоса алғанда, бейбіт тұрғындарға қарсы аштықты өлім қаруы ретінде қолданды деп айыптады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы ол Ыстамбұлда өткен TRT World форумында мәлімдеді. Ердоғанның айтуынша, әлемдік қақтығыстардың айқын себептері мен шешімдері белгілі болғанына қарамастан, кінәсіз адамдар әлі де қырылып жатыр.
– Израильде ядролық қару да, ең қуатты бомбалар да бар. Ол қалаған сәтте Газада соққы жасай алады. Сонда қалайша ол әлі күнге дейін «кінәсіз» саналады? – деді Ердоған.
Оның айтуынша, Израиль палестиналықтарды азық-түлік пен гуманитарлық көмектен әдейі айырып, аштықты соғыс құралына айналдырған. Сондай-ақ Түркия басшысы 270 журналистің шындықты әлемге жеткізуге тырысып, Израильдің насихат машинасының құрбаны болғанын атап өтті.
Ердоғанның айтуынша, Газа секторында бүтін қалған ғимараттар жоқтың қасы: мектептер, шіркеулер, мешіттер мен ауруханалар бомбалауға ұшыраған. Ол халықаралық ұйымдардың әрекетсіздігін қатаң сынға алып, әлемдік қауымдастықтың қан төгісті тоқтатып, бейбіт халықты қорғауға нақты шара қабылдамағанын айтты.