Израиль жексенбі күні Қызыл Крест арқылы Газа секторында ХАМАС тапсырған үш қаза тапқан тұтқынның жеке басын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Премьер-министр кеңсесінің мәлімдеуінше, сот-медициналық сараптама бұл мәйіттердің израильдік әскери қызметшілерге тиесілі екенін анықтаған: 40 жастағы полковник Асаф Хамами, 21 жастағы капитан Омен Неутра және 19 жастағы сержант Оз Даниэль. Израильдік және шетелдік тағы сегіз тұтқынның мәйіті әлі де Газада қалып отыр.
ХАМАС-тың әскери қанаты — «Изз ад-Дин әл-Кассам» бригадалары — жексенбі кешке үш тұтқынның сүйегін Қызыл Крест өкілдеріне тапсырған. Олар бұл мәйіттерді Газа секторының оңтүстігіндегі туннельдердің бірінің бойынан тапқанын мәлімдеген.
Мәйіттер Газадағы израильдік әскерилерге беріліп, кейін Тель-Авивтегі Ұлттық сот-медициналық орталыққа жеткізілген.
Дүйсенбі таңертең Израиль премьер-министрінің кеңсесі бұл сүйектердің полковник Хамами, капитан Неутра және сержант Даниэльге тиесілі екенін ресми түрде растады.
«Израиль үкіметі Хамами, Неутра және Даниэль отбасыларының, сондай-ақ қаза тапқан барлық тұтқындардың жақындарының қайғысына ортақтасады», — делінген мәлімдемеде.
Үкімет ХАМАС-тың өз міндеттемелерін орындап, барлық тұтқынды қайтаруы тиіс екенін де атап өтті.