×
528.31
608.35
6.55
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
528.31
608.35
6.55

Соғыстан қашқан украиналықтардың жағдайы қалай

Бүгін, 21:10
Соғыстан қашқан украиналықтардың жағдайы қалай
Ашық дереккөзден

2025 жылдың жазында Ресеймен соғыстан қашқан украиналықтардың Германиядағы жұмыспен қамтылу деңгейі 51 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш үш жыл ішінде үш есеге артқанын Висбадендегі BIB институтының сауалнамасы дәлелдейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Германиядағы украиналық босқындардың жартысынан астамы бүгінде еңбек нарығына тартылған. Бұл туралы 4 қараша, сейсенбі күні Висбаденде жарияланған Федералдық демографиялық зерттеулер институтының (BiB) әлеуметтік зерттеу нәтижелерінен белгілі болды. Атап айтқанда, 2022 жылдың ақпанынан мамырына дейін Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Германияға келген 20-64 жас аралығындағы адамдардың арасында 2025 жылдың жазында жұмыспен қамтылу деңгейі 51 пайызды құрады. Қазіргі таңда Германияда украиналық әйелдердің 50 пайызы, ерлердің 57 пайызы жұмыс істейді.

Зерттеу авторларының айтуынша, украиналық босқындардың Германия еңбек нарығына интеграциясы басқа елдерден келгендерге қарағанда жылдамырақ жүріп жатыр. BiB жобасының жетекшісі Андреас Эттенің айтуынша, 2022 жылдың соңынан 2025 жылдың басына дейін украиналықтардың жұмыспен қамтылу деңгейі үш еседен астам өскен. Алғашқы екі жылда бұл процесс баяу жүргенімен, үшінші жылы айтарлықтай жеделдеген.

УКРАИНАЛЫҚТАРДЫҢ ӨМІР ЖАҒДАЙЫ

Федералдық демографиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамалар тек еңбек нарығына интеграцияны ғана емес, отбасылық мәселелер мен әлеуметтік бейімделуді де қамтыды. Алғашқы сауалнама 2022 жылдың жазында «Отбасы демографиясы панелі» аясында жүргізілді. Келесі үш жыл бойы сол украиналықтар әр алты ай сайын қайта сұралды. 2024 жылдың соңында 2022 жылдың жазынан кейін Германияға көшкен украиналықтар арасында қосымша іріктеу жүргізілді. Соңғы сауалнама 2025 жылдың мамырынан тамызына дейін өтіп, оған 6000-нан астам украиналық босқын қатысты.

Анализге сәйкес, жұбайының немесе зайыбының көшіп келуі арқылы отбасын біріктіру — елде қалу ниеті мен интеграцияның негізгі факторы. BiB директоры Катарина Шписс: «Егер екі ата-ана да Германияда тұрса, отбасының ұзақ мерзімге қалу ниеті әлдеқайда жоғары болады», — деп түсіндірді. Ал соғыс, мәжбүрлі қашу және ажырау салдарынан күйеулерімен бірге келмеген украиналық әйелдердің 29 пайызында отбасылық байланыстар үзілген.

БАЛАЛАР НЕМІС ТІЛІН ҮЙРЕНІП ЖҮР

BiB деректеріне сәйкес, Германияға келгеннен кейін украиналық балалар мен жасөспірімдер неміс тілін үйренуде үлкен жетістіктерге жеткен. Респонденттердің жартысына жуығы өздерінің айтуынша, тілді жақсы немесе өте жақсы меңгерген, бұл олардың ата-анасымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдердің елде қалу ниеті ересектерге қарағанда белгісіздеу.

BiB зерттеушілері украиналық босқындардың Германиядағы еңбек нарығы үшін маңызды ресурс бола алатынын атап өтті, себебі олардың біліктілік деңгейі өз еліндегі орташа деңгейден жоғары.

ЕКІ ЖЫЛДА ҮШ ЕСЕГЕ ҚЫСҚАРДЫ

Украиналықтардың Германиядағы жұмыспен қамтылу үлесі екі жылда үш есеге артқаны туралы 15 қазанда Нюрнбергтегі Еңбек нарығы мен мансапты зерттеу институты (IAB) хабарлады. Олардың дерегінше, 2024 жылдың соңында Германияда жұмыс істейтін украиналық босқындар саны шамамен 242 мың адамды немесе 0,6 пайызды құраған. 2022 жылдың соңында бұл көрсеткіш 0,2 пайыз болған.

IAB зерттеуі шамамен 15 900 кәсіпорын арасында тұрақты түрде жүргізілетін сауалнама нәтижелеріне негізделген. Осы деректерге сәйкес, украиналық босқындардың үштен екісінен астамы қызметкерлер саны 10-нан 249 адамға дейінгі компанияларда жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары