×
522.49
601.07
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.49
601.07
6.47

Банкрот банктер енді салық төлеушілердің есебінен құтқарылмайды

Банкрот банктер енді салық төлеушілердің есебінен құтқарылмайды
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда банк секторының тұрақтылығын сақтау мақсатында мемлекет қиын жағдайға тап болған банктерге уақытша қаржылай көмек көрсете алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, төлем қабілетін жоғалтқан банктерді реттеудің жаңа тетігі «Қазақстандағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасында қарастырылған. Бұл тетік халықаралық тәжірибеге — Еуропа одағы, АҚШ және Ұлыбритания стандарттарына негізделген.

Үш кезеңнен тұратын жүйе

Жаңа реттеу жүйесі үш кезеңнен тұрады:

Біріншісі — күшейтілген қадағалау. Бұл кезде реттеуші орган банк қызметін мұқият бақылайды, тәуекелдерді анықтап, алдын алу шараларын қабылдайды.

Екіншісі — қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру. Егер банк қиын жағдайға тап болса, оны қайта аяғына тұрғызу үшін арнайы жоспарлар мен қолдау тетіктері қолданылады.

Үшіншісі — төлемге қабілетсіз банкті реттеу. Егер банк мүлде төлем қабілетінен айырылса, оның міндеттемелерін қайта құрылымдау, активтерін сату немесе жаңа инвесторға беру арқылы реттеу жүргізіледі.

Бұл кезеңдер алдын ала белгіленген триггерлер арқылы іске қосылады, яғни мемлекет пен реттеуші уақытылы әрі болжамды түрде әрекет етеді.

Әбілқасымованың айтуынша, банктердің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу үшін қалпына келтіру және реттеу жоспарлары енгізіледі. Бұл жоспарларда банкті дағдарыстан шығару шаралары нақты көрсетіледі. Банктер бұл құжаттарды жыл сайын жаңартып отыруға міндетті.

Мемлекеттің араласу шарттары

Егер банк жүйелік маңызы бар болса және барлық нарықтық құралдар нәтиже бермесе, мемлекет капиталға уақытша кіруі мүмкін.

 – Мемлекеттің араласуы уақытша, өтеулі және көлемі бойынша шектеулі болады. Бұл кезде банк акционерлері мен басшылығы толығымен ауыстырылады, дивиденд пен бонустар төлеуге тыйым салынады, – деді агенттік басшысы.

Банк қаржылық тұрақтылығын қалпына келтірген соң, ол жаңа инвесторға сатылады. Мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады. Егер мемлекет шығынға ұшыраса, оны өтеу банк секторының өз есебінен жүзеге асырылады.

Негізгі мақсат — салымшыларды қорғау

Жаңа жүйенің басты мақсаты – банктердің күйреуін болдырмау және салымшылардың қаражатын қорғау. Әбілқасымова бұл тәсілдің әділ әрі тепе-тең жауапкершілік қағидатына негізделгенін атап өтті:

- Банк жүйесін тұрақтандыруға жұмсалатын шығыстар мемлекеттік бюджет пен салық төлеушілерге емес, нарық қатысушыларына жүктеледі, – деді ол.

Қысқаша айтқанда, мемлекет банкротқа ұшыраған банктерге тек уақытша араласады, олардың жұмысын қалыпқа келтіргеннен кейін жұмсалған қаражатты қайтарады.

Серіктес жаңалықтары