×
524.94
602.79
6.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.94
602.79
6.45

Израиль министрі еврейлерді Нью-Йорктен кетуге үндеді

Бүгін, 13:31
Израиль министрі еврейлерді Нью-Йорктен кетуге үндеді
Зоран Мамдани сайлауда жеңіске жеткеннен кейін америкалық газет бетінде. Фото: Eduardo Munoz/REUTERS

Израиль министрі еврейлерді Нью-Йорк қаласынан кетуге үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Израильдің диаспора істері және антисемитизммен күрес жөніндегі министрі Амихай ШиклиНью-Йорк мэрін сайлауда мұсылман-демократ Зохран Мамдани жеңіске жеткеннен кейін қалада тұрып жатқан еврейлерді елге оралуға үндеді.

«Бұрын бостандықтың символы болған қала билік тізгінін ХАМАС жақтаушысына табыстады. Оның ұстанымы 25 жыл бұрын Нью-Йорктің үш мың тұрғынын өлтірген жиһадшы фанатиктердің ұстанымынан онша алыс емес», — деп жазды Шикли X желісіне.

Нью-Йоркте шамамен 1,3 миллион еврей тұрады. Бұл – Израильден тыс жердегі ең ірі еврей қауымдастығы. Бұған дейін Мамдани Израильдің қазіргі билігін «апартеид режимі», ал Газадағы соғысты «геноцид» деп атаған. ХАМАС жөнінде ол ешқандай пікір білдірмеген.

Контекст

34 жастағы Зохран Мамдани 4 қарашада өткен қала мэрінің сайлауында жеңіске жеткен. Ол сайлаушылардың 50,4% дауысын алған. Мамданидің кандидатурасын «Демократиялық партия» ұсынған.

Екінші орынды 41,6% дауыс жинаған тәуелсіз кандидат Эндрю Куомо алған. АҚШ президенті Дональд Трамп тұрғындарды Куомоға дауыс беруге шақырған. Ол өйтпеген жағдайда қаланы қаржыландыруды қысқартамын деп сес көрсеткен.

Куомо 2011–2021 жылдары Нью-Йорк губернаторы болған. Бірақ жыныстық сипаттағы қудалау айыптарынан кейін отставкаға кетіп, кейін Демократиялық партияның праймеризінде Мамданиден жеңілген.

Трамп сондай-ақ солшыл көзқарастағы Мамданиді коммунист деп атаған. Президенттің айтуынша, саясаткердің идеялары қалаға зиян тигізуі мүмкін.

Атап айтқанда, Мамдани тұрғын үй жалдау ақысын уақытша тоқтату, қалалық автобустарда тегін жол жүруді енгізу, барлық балаға арналған мектепке дейінгі тегін білім беруді ұйымдастыру, сондай-ақ муниципалдық азық-түлік дүкендерінің желісін ашу секілді бастамалар ұсынған.

Бұл жобаларды қаржыландыруды ол жоғары табысы бар азаматтар мен компанияларға салықты арттыру есебінен жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары