The New York Times басылымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-пен әріптестік, Вашингтонның Орталық Азияға көзқарасы және Украинадағы қақтығысты реттеу перспективалары туралы айтқан пікірлерін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ-ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Басылымның мәліметінше, Тоқаев Қазақстан мен АҚШ тығыз әріптестік туралы меморандумға қол қойғанын хабарлаған.
«Біз стратегиялық маңызы бар материалдар саласындағы ынтымақтастықты қалай жолға қою керектігін талқылап жатырмыз», – деп келтіреді оның сөзін The New York Times.
Президент сондай-ақ жақын арада Қазақстанда вольфрам кен орындарын игеру бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы «ірі келісім» жарияланатынын айтқан. Басылым вольфрамды қару-жарақ өндірісінде қолданылатын тозуға төзімді металл деп сипаттап, оның негізгі жеткізушілерінің бірі – Қытай екенін еске салады.
АҚШ ӘКІМШІЛІКТЕРІНІҢ ӘРТҮРЛІ ҚАТЫНАСТАРЫ
Орталық Азияға қатысты АҚШ саясаты туралы айтқанда, Тоқаев Дональд Трамп әкімшілігі Джо Байден әкімшілігіне қарағанда «саяси тұрғыдан көбірек прагматизм» танытқанын мәлімдеген.
The New York Times екі кездесудің форматына назар аударады: Байден 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Орталық Азия елдерінің басшыларымен Нью-Йоркте кездессе, Трамппен кездесу Ақ үйде өткен.
«Бұл мүлде басқа көзқарас болды. Мұнда Орталық Азияның маңыздылығын жақсырақ түсінеді», – дейді Тоқаев.
УКРАИНА ЖӘНЕ БЕЙБІТ КЕЛІССӨЗДЕР
Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты The New York Times Қазақстанның Ресеймен 5 мың мильге жуық ортақ шекарасы бар жақын одақтас екенін, бірақ Тоқаевтың «бейтараптықты ұстануға тырысатынын» жазады. Басылым оның қыркүйекте Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездескенін еске салады.
Тоқаев атысты тоқтату мүмкін деп санайды және Қазақстанның Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерге алаң ұсынуға дайын екенін жоққа шығармайды.
Президент басылымға берген сұхбатында Ресей басшысы Владимир Путиннің ішкі қоғамдық пікірдің әсерінен әрі қарайғы ымыраға бара қоюы екіталай екенін айтқан.
«Путин барынша икемділік танытты деп мойындау керек», – дейді Тоқаев.
Газет бұл пікірді жазда Мәскеудің Донбастың бір бөлігін бақылауға алу шартымен майдан шебін қатыру туралы ұсынысымен байланыстырады.
«Меніңше, Путин едәуір алға қадам жасады», – деп келтіреді The New York Times Тоқаевтың сөзін.