×
525.28
607.85
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
525.28
607.85
6.47

Қорғаныс министрлігі әскерде бейнебақылауды күшейтпек, бірақ қаржы жетіспейді

Қорғаныс министрлігі әскерде бейнебақылауды күшейтпек, бірақ қаржы жетіспейді
Ашық дереккөзден

Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйесін көбейтіп, видеоаналитика мен жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Вице-министр Дархан Ахмедиевтің мәлімдеуінше, бұл шаралар президенттің тапсырмасы аясында және бас прокуратурамен бірлесіп жүзеге асырылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазір прокуратура әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты істерді 12 күн ішінде тексеріп жатыр. Тексеру қорытындысы 23 қарашада жарияланбақ.

Ахмедиевтің айтуынша, осы тексеріс пен ата-аналардың ұсыныстары жүйелі мәселелерді ашып көрсеткен. Сарбаздардың тамақтануы, киім үлгісі мен тұрмыстық жағдайларын қайта қарауды талап етеді.

- Бейнекамераларды орнату жөніндегі ұсыныстар да қарастырылып жатыр. Кейбіреулер тіпті әжетханаларға дейін орнатуды сұрауда. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, бірақ, өкінішке қарай, бюджет шектеулі. Биыл пилоттық жоба ретінде кейбір бөлімдерде жасанды интеллект жүйесі тегін орнатылды. Камералар барлық казармада бар, алайда «өлі аймақтар» кездеседі, келесі жылы оларды жоюды жоспарлап отырмыз, — деді вице-министр.

Вице-министр камералар мен жүйелік талдауды енгізу туралы ойды растап, тәжірибелік сынақтар жүргізілгенін атап өтті. Биыл бірнеше бөлімде пилоттық жобалар іске қосылып, кейбір жерлерге жасанды интеллект жүйесі орнатылды. Қазір казармаларда бейнекамералар бар. Ал, камера орнатылмаған кей аймақтарда  келесі жылы қосымша камералар орнатылмақ. 

Жүйе адамдардың жиналуын, кенет қозғалыстарды анықтап, автоматты хабарламалар арқылы кезекшілерге, командирлерге және әскери полицияға сигнал жіберетіндей етіп жасалмақ. Алайда вице-министр жұмыстың қаржылық шектелімі бар екенін ашық айтты.

— Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, бірақ биыл бюджет шектеулері бар. Сондықтан пилоттық жобалар арқылы тиімді шешімдер іздеп, келер жылы қосымша қаржы қарастырылады, — деді Ахмедиев.

Сонымен қатар, бейнежазбаларды заңсыз таратуға қарсы шаралар қарастырылған. Ахмедиев айыппұл мен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жаза көзделіп отырғанын атап өтті. 

КОНТЕКСТ

10 қарашада әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары министрлік алдына митингіге шықты. Олар әскерде реформа жасауды талап еткен еді. Марқұм сарбаздардың аналары қазарма, асхана, дәліз, оқу залы сияқты барлық аумақтар бейнебақылауда болуын сұрады. Сонымен қатар, олар әскерге шақыру жасы қайта қаралуын талап етті. 

Айта кетейік, әскери прокуратураның дерегінше, 2020 жылдан 2023 жылдың сәуіріне дейін елдің Қарулы күштерінде 270 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 86 әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Сондай-ақ 20 суицид жасау әрекеті тіркелген. Ал «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен бар-жоғы бір ғана адам сотталған.

Серіктес жаңалықтары