Астанада лифт құлап, адам қаза тапты: экс-депутат тұрғындарды кінәлады

Сырым Қаржас
Видео кадры

Астаналық тұрғын "Арыстан" шағынауданындағы лифт апаты қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

- Сараптама жасалғаннан кейін бәрін тоқтатсын дедік. Әр подъезде екі лифт бар. Біреуі жүк тасуға арналған, екіншісі қарапайым тұрғындарға. Жүк тасуға арналған лифтті әр подъезде біреуден қосып қоямыз деді. Бірақ пилоттық жоба ретінде болады. Алтыншы подъезден бастаймыз деді. Толық жаңғырту жасап береміз, ауыстырып бере салады деп ойламаңыздар деді, – дейді тұрғын “1001 түн” бағдарламасында. 

Оның сөзінше, лифт 25 жылда бір жаңарып тұруы керек. 

- Ал бұл 2025 жылдың мамырында қолдануға берілген үй. Яғни лифттің сапасы өте нашар болып тұр ғой. Лифтерлер екі ай бойы жөндеу жүргіземіз деді. Жақсы, жасасын. Бірақ жасап болған соң қайтадан сараптама жасатамыз дедік. Екі сараптамадан да өткен жоқ. Үшінші сараптаманы осы жұма (бүгін) жасауы керек болған. “Елорда құрылыс” компаниясымен “Лифтстрой” компаниясы жұмыс істеген. “Бәрін жөндеп береміз, қатырамыз” деген. Сол компания жұмысшылары лифтті жөндеуге келген. Жетінші қабаттан лифт үзілген. Біреуі оқиға орнында жан тапсырған, 23 жастағы бала дейді. Зардап шеккен бөлім басшысының жағдайы ауыр. Тағы бір адам зардап шеккен, – дейді тұрғын. 

ТҰРҒЫНДАР ЕСКЕРТКЕН

Тұрғындар президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен мемлекеттік кеңесшіге Ерлан Қаринге үндеу жасап, жауапты адамдардың жазалануын сұрады. Олардың сөзінше, тұрғындар аудан әкіміне тұрғын үйдегі жағдай бойынша бірнеше рет дабыл қаққан. Алайда шара қолданылмай, арты адам өлімімен аяқталған.

- Жақында сіз Қазақстан Республикасы Президентінің алдында есеп бере отырып, барлық проблемалық нысандар мен ұзақ мерзімді құрылыс нысандары бақылауға алынып, ретке келтірілгенін айттыңыз. Алайда, өкінішке орай, біздің тұрғын үй серіктестігінің жағдайы өте нашар, дейді тұрғындар қала әкімі Жеңіс Қасымбекке жасаған үндеуінде. 

Осыған байланысты тұрғындар бірнеше өтініш жасады: 

- Сізден сұрайтынымыз: уәкілетті органдарға ғимаратымызды пайдалануға беру кезіндегі бұзушылықтарға тексеру жүргізуді. Ықтимал қайғылы салдарды болдырмау үшін лифт жабдықтарын мүмкіндігінше тезірек толығымен ауыстыру мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз, – дейді тұрғындар.

ДЕПУТАТ ТҰРҒЫНДАРДЫ КІНӘЛАДЫ

Экс-депутат Тәңірберген Бердоңғаров бұл жағдайға тұрғындардың өзін кінәлады. 

- Тұрғын үйлер бар. МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) немесе ПИК (пәтер иелерінің коопреативі) төрағасы бар. Яғни бұл – үйдің қалай күтілетінін бақылау үшін тұрғындар өздері құратын ұйым. Ал қызмет көрсететін компания, лифт қызметі, «Эколифт» немесе басқа да компанияларды осы ОСИ төрағасы тұрғындардың бақылауымен жалдайды. Бұған қоса, жалпы қаланы қадағалайтын әкімдік бар, оның ішінде осы саланы үйлестіретін тұрғын үй басқармасы жұмыс істейді. Бірақ бұрынғыдай Кеңес одағындағыдай барлық шешім жоғарыдан қабылданып, тікелей басқарылады деген түсінік мұнда жоқ. Әкімдік ондай функция атқармайды, – дейді Бердоңғаров.

Ол тұрғындар бақылау процесіне қатысуы керегін айтады. 

- Мен жеке үйде тұрамын. Мұнда бірдеңе бүлінсе, оған жауапты – өзім. Сол сияқты тұрғын үйлерде де дәл сондай. Тұрғындар МИБ құрған кезде, бүкіл басқару процесіне өздері толық қатысуы тиіс. Комиссия қабылдауына қатысу, лифтілердің жұмысын тексеру, төрағаның қай компанияны жалдағанын білу – бәрі тұрғындардың бақылауында болуы керек. Ал іс жүзінде кез келген көпқабатты үйдің кез келген тұрғыны, 90% жағдайда, үйдің тіршілігіне мүлдем араласпайды, дейді экс-депутат. 

Бердоңғаров тұрғындар төрағаны таңдауға қатыспайтынын, төраға қанша ақша жұмсағанын есептеуге араласпайтынын айтады. 

- Кезекті жиналыстың қашан өтетінінен де хабарсыз. Лифтердің қандай күйде тұрғанын, қабырғалардың жағдайын да білмейді. Өз тәжірибемнен білемін: тұрғындарға хабарласа алмайсың, бәрі өз ісімен айналысып жүреді. Соның салдарынан ОСИ немесе КСК төрағасы ешқандай дұрыс бақылаусыз сыртқы ұйым жалдайды. Ал ол ұйымдар, мысалы «Эколифт» немесе басқа компаниялар, мұнда тек ақша табу үшін келеді. Олар төрағадан ақша алып, жұмысын істейді, бірақ іс жүзінде ол жұмыс қалай орындалды? Қандай мәселелер бар? Қай лифт жұмыс істейді, қайсысы істемейді? Қандай бөлшектер қойылды? Қауіпсіздік жүйесі қалай істейді? Мұның ешқайсын ешкім дұрыс тексермейді. Төраға да түсіністікпен қарамайды, себебі ол бұл саланы білмейді. Ал тұрғындар төрағаны белсендірек жұмыс істеуге итермелемейді, – дейді ол. 

АПАТ 

Еске салайық, 13 қарашада Астанада лифт құлап, бір адам қаза тауып, екеуі зардап шеккен болатын.