Молдова парламенті Ресеймен мәдени орталықтар жөніндегі келісімді жарамсыз деп танитын заң жобасын алғашқы оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
13 қарашада бірнеше сағатқа созылған қызу пікірталастан кейін бұл шешімді 60 депутат қолдады (оның ішінде билеуші партияның 54 депутаты және «Демократия үйі» фракциясының 6 мүшесі). Ал 35 депутат, оның қатарында коммунистер де бар, қарсы дауыс берді. Екінші оқылымдағы дауыс беру 10 күннен кейін өтеді.
Пленарлық отырыста жобаны ұсынған мәдениет министрі Кристиан Жардан Ресейдің мәдени орталығы шынайы мәдени мақсатта емес, пропаганда жүргізу құралы ретінде пайдаланылып отырғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, билік орталық жұмысына қатысты «Ресейдің Украинаға басқыншылығын ақтау және дезинформация тарату белгілерін» анықтаған.
Социалистер фракциясының жетекшісі Игорь Додон құжатты талқылаудан алып тастауды ұсынып, «үкімет нақты дәлелдерді келтірмеді» деп мәлімдеді. Оның сөзінше, келісімді бұзу «азаматтардың басым бөлігінің мүддесіне сәйкес келмейді».
Кишиневтегі «Орыс үйі» 2009 жылы ашылған. Егер құжат екінші оқылымда мақұлданып, президент Майя Санду оған қол қойса, орталық 2026 жылдың шілде айында жұмысын тоқтатады. Ресейдің Молдовадағы елшілігі бұл қадамды «кері әсер ететін қате шешім» деп бағалады.