×
524.32
609.05
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.32
609.05
6.52

Зумерлер, миллениалдар: Қазақстанда қай буынның жалақысы көп?

Бүгін, 18:11
Зумерлер, миллениалдар: Қазақстанда қай буынның жалақысы көп?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық еңбек нарығында «зумерлер дәуірі» басталды деген пікір шындыққа жанаспайды: ресми статистика жастардың – 16–24 жас аралығындағы қызметкерлердің – ең төмен жалақы алатынын көрсетеді. 2025 жылы олардың орташа айлығы 279,9 мың теңге болса, өзге жас топтарда бұл көрсеткіш 400 мың теңгеден жоғары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Energyprom мәліметінше, ең жоғары табысқа 35–44 жас аралығындағы миллениалдар ие – олардың орташа жалақысы 455,1 мың теңге. Бұл буын ұзақ жылдық тәжірибе мен кәсіби капиталдың арқасында табыс құрылымында жетекші орында тұр. Одан кейінгі орында 45–54 жас аралығындағы буын келеді, олардың жалақысы шамамен 430 мың теңгені құрайды. Ал егде қызметкерлер мен зейнет жасына жақындағандар 330–380 мың теңге аралығында табыс табады.

Жалақы көлеміне білім деңгейінің әсері айтарлықтай. Магистратура немесе докторантура бітіргендер ең жоғары табыс алады – орташа 672,5 мың теңге. Олардан кейінгі орында жоғары білімділер (497,6 мың теңге), ал орта біліммен жұмыс істейтіндер ең төменгі табысқа ие – 289,7 мың теңге. Табыстың жылдық өсімі де жоғары білімнен кейінгі дәрежесі бар қызметкерлерде байқалады (+20,3%).

ӨҢІРЛЕР

Өңірлер арасындағы жалақы айырмашылығы жыл өткен сайын тереңдеп отыр. Ең жоғары жалақы мұнайлы Атырау, Маңғыстау және тау-кен өндірісі басым Ұлытау облыстарында тіркелген – 533–633 мың теңге аралығы. Алайда бұл деңгейге көбіне тек мұнай-газ секторындағы қызметкерлер ғана жетеді. Ал Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Түркістан облыстарында орташа жалақы 293–295 мың теңгеден аспайды.

САЛА

Салалар бойынша қарасақ, ең жоғары табыс дәстүрлі түрде басшылық құрам мен жоғары лауазымдарда тіркеледі – 685,9 мың теңге. Алайда мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі бұл деңгейге жетпейді: олардың орташа айлығы 338,6 мың теңге. Өнеркәсіп, көлік, құрылыс және техникалық мамандықтар (жүргізушілер, операторлар, жинаушылар) 460 мың теңгеден жоғары жалақы береді. Ал біліктілігі жоқ жұмысшылар ең төменгі деңгейде – 180,2 мың теңге.

ГЕНДЕРЛІК АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Гендерлік айырмашылық сақталып отыр: ерлердің жалақысы барлық дерлік санаттарда жоғары. Өндірісте бұл айырмашылық 26%-ға дейін жетсе, қызмет көрсету саласында 4% шамасында.

Жалдамалы қызметкерлердің табыс құрылымына қарасақ, қазақстандықтардың ең үлкен бөлігі – шамамен 31% – 300–400 мың теңге жалақы алады. 200–300 мың теңге алатындар – 21,7%, 100–200 мың теңге табатындар – 21,3%. Ал халықтың тек 23%-ы ғана 500 мың теңгеден жоғары жалақы алады. 1,1 млн теңгеден артық табыс табатындар – небәрі 3,9%.

Жалпы алғанда, еңбек нарығында жас қызметкерлердің табыс құрылымындағы үлесі төмен болып отыр, ал ең жоғары жалақы тәжірибесі мол орта жастағы мамандарға тиесілі. Білім деңгейі табысқа тікелей әсер етсе, аймақтар мен салалар арасындағы айырмашылықтар экономиканың құрылымдық теңсіздігін көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары