Ғылым және жоғары білім министрі қазақстандық университет тарапынан алданған болуы мүмкін магистранттардың жағдайына араласуды қажет деп санамай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Журналистер «Ақорда» дәлізінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті тоқтатып, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің магистранттары тап болған түсініксіз жағдайға пікір білдіруді сұрады.
Саясат Нұрбек Ulysmedia жариялаған екі материалды көргенін мойындады, бірақ жағдайды түсіндіруге құлықсыз екенін айтты.
— Біз Есенов университеті өзі түсініктеме береді деп шештік. Өйткені бұл мәселе — олардың құзырында. Бұл — олардың серіктесі, келісімді де өздері жасаған, — деді министр.
Ол сондай-ақ төрт магистранттың ішінде тек біреуі ғана наразылық танытып отырғанын айтты. Министрдің мұндай қорытынды жасауының себебі — біз редакцияға бірінші болып осы жағдайды жеткізген магистранттың сөзін ғана жариялағанымыз болуы мүмкін.
Алайда мәселе бір ғана университетке қатысты емес, жалпы шетелдік университеттерді Қазақстанның жоғары білім жүйесіне тарту механизмдеріне де байланысты. Үш жыл бұрын Есенов университетіндегі магистратура грантының құны 500 мың теңге шамасында болса, Берлин техникалық университетінің филиалы базасындағы грант бүгінде 3 млн теңгеден асады. Бірақ Берлин техникалық университетінің филиалы Ақтауда мүлде ашылған жоқ. Біз осы туралы бірнеше рет жазғанбыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін Есенов университеті алданған магистранттарға Германияда оқу мүмкіндігін сақтап қалу үшін бір апта ішінде шамамен 5500 еуро тауып, бірнеше емтихан тапсыруды ұсынған еді. Бұл талаптар студенттер түскен кезде келісілген шарттарға мүлде сәйкес келмейді.