Мәжілісте кішкентай балалары бар ата-аналардың қысқартылған жұмыс уақытына деген құқығының орындалу мәселесі талқыланды. Депутаттар бұл құқық заңда бар болғанымен, іс жүзінде толық жүзеге аспай отырғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мәжіліс депутаты Қарақат Абден Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевқа ата-аналардың жұмыс уақытын қысқарту мүмкіндігі туралы сұрақ қойды. Оның айтуынша, көптеген ата-ана бала күтімін ұйымдастыру немесе балабақшадан уақытында алып кету қиындықтарына тап болып отыр.
— Бұған дейінгі заңнама ата-аналарға қысқартылған жұмыс уақытына құқық береді. Алайда бұл құқық бүгінгі күні толық сақталып отырған жоқ, — деді депутат.
Вице-министр Ертаевтың айтуынша, жұмыс беруші мен жұмыскер еңбек шартын жасағанда жұмыс уақытын өзара келісуге құқылы. Мысалы, жұмыс күнін таңғы 8:00–18:00 немесе 9:00–17:00 аралығында белгілеуге болады. Сондай-ақ сенбі күнін қосымша келісім арқылы жұмыс уақытына енгізуге мүмкіндік бар.
Егер жұмыс беруші қысқартылған жұмыс уақытына келіспесе, жұмыскер заңға сәйкес шағым түсіре алады. Арыз мемлекеттік еңбек инспекциясына жіберіледі, олар жағдайды бақылап, қажет көмек көрсетеді.
Депутаттар ата-аналардың жұмыс режиміне қатысты құқықтарын нақты орындау маңызды екенін атап өтті.