Блогер Аида Жексенова оны Астана полициясы департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімшесіне шақырғанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, полицияға арызды Қазақстанда ресейлік жұлдыздардың концертін ұйымдастырушы Алексей Пучков түсірген. Жексенова Тиматидің Қазақстандағы концертіне бойкот жариялауға шақырған жазбасы үшін оған Қылмыстық кодекстің 174-бабы («әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, сословиялық немесе діни алауыздық қоздыру») бойынша қылмыстық жауапкершілік төнуі мүмкін екенін атап өтті.
– Полиция қызметкерлері жазбаны өшіргенім дұрыс болатынын сыпайы түрде айтты. Әсіресе «соғысты қаржыландыру» туралы жазғаным ұнамаған сияқты. Маған мысал ретінде Катя Бивол мен Алика Мұхамадиеваның істерін келтірді. Бірақ менің саяси мәлімдемем мен олардың этникалық астары бар айтқан сөздерін салыстыруға келмейтінін түсінбеймін. Сондай-ақ Ресей мен туралы сұрау салса, тексеруді бастауға міндетті боламыз деді, – деп жазды блогер.
Аида Жексенова орынды сұрақ қояды: полиция бойкотқа шақыруды неге экстремизм ретінде қабылдайды? Саяси наразылық неліктен «алауыздық қоздыру» болып саналады?
– Менің жазбамның 174-бапқа еш қатысы жоқ. Себебі түсінікті тілмен айтқанда, менің жазбамда ешқандай топты кемсіту, этникалық белгі, өшпенділік тілі, ұлтқа, дінге, әлеуметтік топқа тіл тигізу жоқ. Ешқандай зорлыққа шақыру болмады. Мен ұлт туралы да, дін туралы да, этнос туралы да жазған жоқпын. Менің мәтінім концерт жайлы болды. Z-агрессия жайлы болды. Менің жазбамда тек белгілі бір әртістің концертіне билет алмауға шақыру бар. Бұл — саяси ұстаным, жеке пікір білдіру, оны Қазақстан Конституциясы қорғайды. Бұл бойкот деп аталады. Бірақ ешбір жағдайда «экстремизм» емес. Пучков неге арыз жазып отыр? Өйткені бәрі үндемесін дейді. Z-әртістерді емін-еркін әкеліп, ақша жинауға ешкім кедергі келтірмесін деген ой, – деп жазды ол.
Блогер сөз бостандығын қорғау үшін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан қолдау сұрады. Сондай-ақ ол жалған арыз беру фактісі бойынша қарсы арыз жазуға ниетті екенін айтты.
ПЕТИЦИЯ
Еске салайық, бұған дейін ресейлік әнші Тиматидің концертіне қарсы петиция пайда болған еді. Қараша айының соңына Ресейдің әншісі Тиматидың Астана мен Алматыда концерттері өтеді деп жоспарланған. Алайда қазақстандық бір топ азамат оның елге келуіне қарсы шығып, арнайы петиция ұйымдастырды.