Қазақстандық даңқты боксшы, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин World Boxing халықаралық федерациясының президенті атанд, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Геннадий Головкин Италияның Рим қаласында өткен Конгресте Халықаралық World Boxing федерациясының президенті болып сайланды.
Ол халықаралық спорт федерациясын басқарып отырған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді. Өкілеттік мерзімі – үш жыл.
ГОЛОВКИННІҢ ӨЗІ НЕ ДЕЙДІ?
"Мен боксқа қатысты жолдың барлық кезеңінен өттім. Спортшы болып, Олимпиада ойындарында ел намысын қорғадым. Кейін әлем чемпионы атандым. Енді міне, спорт саласында көшбасшы ретінде қызмет етіп келемін.
Мен мұнда бокстың болашағы үшін жұмыс істеуге келдім.
Халықаралық Олимпиадалық комитеті Olympism365 комиссиясының мүшесі әрі World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде жақсы білетінім: әділ басқару - спортшыларды және біздің спортты қорғайтын басты тетік.
Бүгін біз алға қарай маңызды қадам жасап отырмыз. Біз спортшылар сенетін, Олимпиадалық қауымдастық құрметтейтін Федерацияға айналуымыз керек.
Әрбір боксшы әділ әрі қауіпсіз спортта өсіп, дамыса деймін. Біз тәуелсіз боламыз, бірақ Олимпиадалық құндылықтарды құрметтеп, әділдік, теңдік және спортшыны қорғау қағидаларына сай жұмыс істейміз.
Қолдау көрсетіп, сенім білдіргендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын", – деді Геннадий Головкин.
САЙЛАУ
World Boxing басшысын сайлау 23 қарашада осы спорт ұйымының Конгресінде өтті.
Сонымен қатар Федерация регламентіне қатысты мәселелер, халықаралық күнтізбе және ұйым құрылымын дамыту тақырыптары қаралды.
Қабылданған барлық шешім ұйым Жарғысына толық сәйкес өтті. Әр мәселе жеке дауысқа салынып, делегаттардың басым бөлігі қолдағаннан кейін ғана бекітілді. Дауыс беруге барлығы 58 ұлттық федерация өкілі қатысты.
ТОҚАЕВТЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Бұл – Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайық баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды, – делінген құттықтауда.
ҰЙЫМ ТУРАЛЫ
World Boxing – 2023 жылдың сәуір айында құрылған халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин ұйымның жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болды.
2025 жылдың ақпанында Халықаралық Олимпиадалық комитет World Boxing ұйымын уақытша мойындап, оған боксты әлемдік деңгейде басқару құқығын берді.
Ал наурыз айында ХОК боксты Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына ресми түрде енгізу туралы шешім қабылдады.
Қазіргі таңда World Boxing құрамына 136 ел кіреді.