Бес күнге созылған ереуілден кейін «Sicim» компаниясының 400-ге жуық жұмысшысы жалақысыз демалысқа шығып, тағы 9 адам жұмыстан кету туралы арыз жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы «Мой город» порталына KKS-Sicim жобасының жетекшісі Роза Кагирова хабарлады. Оның айтуынша, компания қызметкерлерімен келісілген барлық жағдай құжатталған.
Атап айтқанда, бұйрықта 1 ақпаннан бастап еңбекақы 20 пайызға көтерілетіні, барлық технологиялық құбыр монтаждаушылар мен темір-темірбетон конструкцияларын монтаждаушылардың сағаттық тарифтік мөлшерлемесі теңестірілетіні, ауысым күндері Ақсай – Орал арасындағы автобус бағыты бекітілетіні айтылған.
Сондай-ақ, 1 тамыздан бастап жұмысшылардың жалақысын тағы 10 пайызға арттырып, құрылыс жұмыстары сәтті аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңында қызметкерлерге орташа жалақы көлемінде үстемеақы төлейтін болған.
— Бүгінгі таңда 400-ге жуық қызметкер өз бастамаларымен жалақысыз демалысқа шықты, тағы тоғыз адам өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазды. Осы күндері 16 қаңтардан бастап бүгінге дейін кәсіпорынның техникалық қызметкерлері (асхана, кір жуу және т.б.) әдеттегідей жұмыс істеді. Барлық жұмысшылар таңғы, түскі және кешкі аспен қамтамасыз етілді, бұл шамамен 1900 адам. Біз өз кезегімізде ереуіл бастамашыларын анықтап, қудалауды көздеп отырған жоқпыз. Ертеңнен бастап халық жұмысқа шығады, – дейді Роза Кагирова.
Естеріңізге сала кетейік, жалақыны 50 пайызға көтеруді талап еткен Sicim жұмысшыларының ереуілі қаңтардың 16-сы күні басталған болатын. Кәсіпорын басшылығы бұған келіспей, ақпан айынан бастап жалақыны 20 пайызға, тамыз айынан бастап тағы 10 пайызға индексациялауға уәде берді.