Қазақтарды "шошқаға" теңеген Қостанай облысының тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әңгіме Рудный қаласындағы қоғамдық тыңдауда болған оқиғаға қатысты. Қаладағы көше атауларын қазақшалауға қатысты өткен отырыста жергілікті белсенді Екатерина Корчагина сөз сөйлеген тұста регламенттен асып кеткен.
Артынша әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтарды “шошқаға” теңеп, қорлаған.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Полиция мәліметінше, Рудный қаласының тұрғынына ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.
21 қарашада өткен қоғамдық тыңдау барысында әйел белгіленген регламентті бұзып, қатысушыларға құрметсіздік танытқан дөрекі, орынсыз сөздер қолданған. Оның бұл әрекеті қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелген.
Әкімшілік сот тұрғынға 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Полиция азаматтарды көпшілік шаралар кезінде тәртіп ережелерін сақтауға және мәдениеттілік нормаларын ұстануға шақырады.