24 қарашадан бастап «ҚазАгроФинанс» компаниясы арнайы акцияны іске қосты. Оның аясында субсидияланған сыйақы мөлшерлемесін төлеудегі кешігу салдарынан жиналған айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бағдарлама 2026 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады.
Компанияның түсіндіруінше, бұл шара ауыл шаруашылығы саласындағы қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған. Акция бұрынғы мерзімі өткен берешекке де, оның әрекет ету кезеңінде пайда болатын қарыздарға да қолданылады.
ӨТІНІШ БЕРУ ЖОЛЫ
Есептен шығаруға ілігу үшін қарыз алушы субсидияланған сыйақы мөлшерлемесін қоса алғанда, мерзімі өткен сыйақыны толық өтеуі және негізгі қарызды жабуы тиіс. Осыдан кейін клиент «ҚазАгроФинанс» филиалына өтініш береді.
ШАРУАЛАР АЛДЫНДАҒЫ ҚАРЫЗ
Министрлік ауыл шаруашылығы секторындағы жалпы субсидиялық қарыз көлемі 341,3 миллиард теңгеге жеткенін хабарлаған. Оның ішінде 152,2 миллиард теңге – пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға байланысты қарыз. Ең көп берешек көлемі Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі – барлығы 173,7 миллиард теңге.