"Дөңгелек үстел" Қазақстан азаматтық қоғам коалициясы құқық қорғау саласындағы жағдайға қатысты арнайы үндеу жасады. Ұйым өкілдері азаптау фактілерінің жалғасуы мен жоғары лауазымды шенеуніктердің шетелге қашып, саяси баспана сұрауы алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Азаптау – өткеннің жәдігері»
Үндеуде коалиция өкілдері:
- Азаптау мен сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді – және біз бұл қағиданы бәріміз есте сақтауымыз керек, – деп мәлімдейді.
Ұйым таратқан мәліметте түрмелердегі азаптаудың адам құқықтары стандарттарын, оның ішінде БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясының 2 және 16-баптарын және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 5-бабын тікелей бұзатыны айтылған.
- Мұндай әрекеттерге қатысы бар деп күдіктенген кез келген мемлекеттік шенеуніктер, егер олардың кінәсі сотта дәлелденсе, қатаң жауапкершілікке тартылуы керек, – делінген үндеуде.
Шенеуніктердің қашуы және саяси баспана іздеуі
Үндеуде қылмыстық істерге қатысы бар кей шенеуніктердің ел байлығын ұрлап, шетелге қашып жатқанын айтып алаңдайды. Олар барған елдерде өзін «саяси қуғын құрбаны» ретінде таныстырып, саяси баспана сұрайды.
Коалицияның айтуынша, мұндай адамдар Батыс мемлекеттерінің соттары мен құқық қорғау ұйымдарын жалған ақпаратпен жаңылыстырады, өйткені бұл ұйымдар Қазақстанның ішкі саяси ахуалын толық білмеуі мүмкін.
Мақсат Дүйсеновтің ісі айқын мысал
Үндеуде Қазақстанның бұрынғы Бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновтің ісі жеке атап өтіледі. Коалиция өкілдері оның Қайрат Қожамжаровтың бұрынғы қызметкері болғанын, ал Қожамжаровтың өзі қазір тергеуден бой тасалап жүргенін еске салады.
Коалиция жуырда белгілі адвокат Сәрсен Төлентаевпен сөйлескенін хабарлайды. Адвокат 2014–2016 жылдары тергеу изоляторларында азаптауға ұшыраған үш адамның мүддесін қорғаған. Олардың айтуынша, азаптау әрекеттеріне Мақсат Дүйсеновтің өзі келісім берген.
Төлентаев бұл істің күрделі әрі даулы екенін айтқан.
- Сәрсен Төлентаев өз саласының маманы және қорғау іздеген азаматтар үшін әділеттілікке қол жеткізетініне сенеміз, – дейді.
Дүйсеновке тағылған айыптар
Үндеуде келтірілген ақпаратқа сүйенсек, Дүйсеновтің тапсырмасымен оның қарамағындағылар күдіктілерді қорқыту, қару көрсету және күш қолдану арқылы жалған айыптарды мойындатуға тырысқан.
Сонымен қатар, коалиция оған ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық айыбы тағылуы мүмкін екенін мәлімдейді:
- Құжаттарға сәйкес, Мақсат Дүйсенов алған параның жалпы сомасы 22 миллион доллардан астам, — делінген үндеуде.
Ұйым бұл айып толық тексеріліп, дәлелденсе, қаражат мемлекет кірісіне қайтарылуы тиіс деп санайды.
Германиядан саяси баспана талап етуі «таңғаларлық» жайт
Қазір Мақсат Дүйсенов Германияда саяси босқын статусын талап етіп отыр. Коалиция мұны «таңқаларлық жайт» деп санайды.
- Ол өзін саяси қудалаудың құрбаны ретінде көрсетуге тырысуда, дегенмен істе ешқандай саяси із атымен де затымен де жоқ, – дейді ұйым өкілдері.
Үндеуде Дүйсеновтің саясатта болмағаны және ешқашан саясатқа қызықпағаны айтылады.
Коалицияның талабы: экстрадиция және ашық сот
Ұйым Дүйсеновті Қазақстанға экстрадициялауды талап етеді.
- Біз Мақсат Дүйсеновті елге экстрадициялауды талап етеміз, сонда Қазақстан соты оның ісін мұқият зерттеп, әділ үкім шығара алады, – делінген үндеуде.
Сондай-ақ коалиция сот үдерісінің ашықтығына күмәнданбайтынын мәлімдейді. Іс халықаралық резонанс тудырғандықтан, Германиядағы белсенділер де оны мұқият бақылап отыр.
«Қазақстанның құқықтық жүйесі бұл істен сабақ алуы керек»
Үндеудің соңында коалиция:
- Біз Қазақстанның құқықтық жүйесі бұл қылмыскермен тәуелсіз тергеуді үйренуі керек деп санаймыз, – деп аяқтайды.
ҰЛЫС ЗЕРТТЕУІ
Бұған дейін кейбір БАҚ-та «Дүйсенов саяси баспана сұрауы мүмкін» деген ақпарат тараған. Алайда Қазақстан бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев ол ақпаратты жоққа шығарған. Ол «Германия Мақсат Дүйсеновті Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім қабылдады» деген.
Ulysmedia.kz тілшісі осы ұзаққа созылған істің бүге-шігесін зерттеп көрген еді.