Халықаралық дзюдо федерациясы Ресей спортшыларына алғаш рет қайтадан мемлекеттік ту мен гимнмен жарысқа қатысуға рұқсат берді. Бұл шешім 28–30 қарашада өтетін Абу-Даби «Үлкен шлем» турнирінен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Халықаралық дзюдо федерациясының атқарушы комитеті Ресей Федерациясының спортшыларына мемлекеттік ту, гимн және ұлттық рәміздермен шығуға мүмкіндік беру туралы дауыс берді. Бұл туралы 27 қараша күні федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Спорт бейтарап, тәуелсіз және саясаттан тыс болуы тиіс… Бұл шешім Халықаралық дзюдо федерациясының шын мәнінде жаһандық ұйым екенін дәлелдейді және әділдікке, ашықтыққа, құндылықтарға негізделген басқаруға адалдығын көрсетеді», – делінген мәлімдемеде.
Федерация Ресейдің әлемдік дзюдода жетекші ел болғанын атап өтіп, оның толыққанды қайта оралуы жарыстарды барлық деңгейде байыта түсетінін айтты.
БЕЛАРУСЬ СПОРТШЫЛАРЫНА РҰҚСАТ БЕРІЛГЕН
Мамыр айында атқарушы комитет Беларусь спортшыларына да мемлекеттік ту, елтаңба және гимнмен халықаралық жарыстарға қатысуға рұқсат берген болатын. Осыған байланысты федерация Ресей спортшыларына да тең құқық беру орынды деп санайды.
Ресей дзюдо федерациясының дерегінше, Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін жарысқа Ресей құрамасы 19 спортшымен қатысады. Олардың қатарында Токио-2020 Олимпиадасының жүлдегері Тамерлан Башаев (100 кг-нан жоғары), әлем чемпионы Арман Адамян (100 кг) және әлем біріншілігінің жүлдегері Аюб Блиев (60 кг) бар.
ЕСКЕ САЛАЙЫҚ
Ресей мен Беларусь спортшылары 2022 жылы Ресейдің Украинаға жасаған толыққанды әскери басқыншылығына және Беларусьтің бұл агрессияны қолдауына жауап ретінде халықаралық жарыстардың басым бөлігінен шеттетілген еді.