Қазақстанда «қазір сатып ал, кейін төле» жүйесін (Buy Now, Pay Later – Қазір ал, кейін төле) тәртіпке келтіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мұндай сатып алулардың басым бөлігі ресми несие болып саналмайды және азаматтардың кредиттік тарихында көрсетілмейді. Соның салдарынан банктер халықтың нақты қарыздық жүктемесін көре алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазір рассрочка екі негізгі бағытқа бөлінеді:
«Бөліп төлеуге алған кезде іс жүзінде несие алып отырсың. Бірақ заң жүзінде ол несие болып саналмайды, сондықтан азаматтың мүддесі қорғалмайды. Қарыз бар, оны төлеуге міндеттісің, бірақ кредиттік бюро оны тіркемейді. Ал банк сенің нақты жүктемеңді көрмейді. Бұл дұрыс емес. Егер халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алғымыз келсе, толық картинаны көруіміз керек», – деді Сүлейменов.
ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫРҒАН ӨЗГЕРІСТЕР
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, негізгі жұмысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі атқарады.
Жоспар бойынша, банктер бермеген бөліп төлеулер де кредиттік бюроларға енгізілетін болады.
«Қазір халықтың бір бөлігі қарызын «көрінбейтін аймақта» ұстап отыр. Бұл қарыздар есепке алынбайды. Нәтижесінде адамдар өз мүмкіндігінен артық қарыз жинап алуы мүмкін. Макропруденциялық шаралар дұрыс жұмыс істеуі үшін барлық қарызды көруіміз қажет. Бұл өте маңызды», – деп атап өтті Баймағамбетов.
Қарапайым тілмен айтқанда: мемлекет барлық бөліп төлеуді азаматтың қарыздық жүктемесі ретінде есепке алуды көздеп отыр, қай жерде және қалай рәсімделгеніне қарамастан.
БҰҒАН ДЕЙІН
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда маркетплейстердегі баға саясатына бақылау күшейтілетінін, делдалдардың комиссиясы шектелетінін және қос баға енгізілетінін мәлімдеген болатын: бір баға – бірден төлеу кезінде, екіншісі – бөліп төлеу арқылы сатып алғанда.