1 желтоқсан күні таңертең Orda редакциясының кеңсесіне құқық қорғау органдары келіп, тінту жүргізді. Полиция мәліметінше, бас редактор Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Осы уақытта Бажкенованың адвокаты Мұрат Адам Ulysmedia.kz тілшісіне өзінің қорғауындағы Бажкенова туралы сұрақтарға жауап берді.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мұрат Адамның айтуынша, қазіргі таңда Гүлнар Бажкенова Алматы қаласының полициясында сұралуда.
— Гүлнар Бажкенова қазіргі сәтте сұрақтарға жауап беріп жатыр. Ол қамауға алынған жоқ, — деді адвокат.
ТІНТУ
Таңертең журналистер редакциядан және Гүлнар Бажкенованың үйінен тінту жүргізілгенін хабарлады. Медиа қызметкерлерінің айтуынша, ұзақ тінтуден кейін бас редактор, редактор және бухгалтер сұралу үшін әкетілген.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласы полиция департаменті түсініктеме берді. Полицияға келіп түскен өтініштер негізінде ақпараттық ресурсының редакторы Бажкеноваға қатысты қасақана және бірнеше рет жалған мәліметтер тарату деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
- Тергеу шаралары аясында арызданушылардың уәждері жан-жақты тексерілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алған кезде ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды. Осылайша, азаматша Б.-ның әрекеттері жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған.
Тағы бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залалдың көлемі мен себептері туралы бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейтін деректер берілген. Бұл өз кезегінде жұртшылықты жаңсақ пікірге жетелеп, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтірген.
Бұдан бөлек, өткен жылдары жарияланған өзге материалдарға қатысты да жәбірленушілердің арыздары бойынша тексерістер жүргізілуде. Аталған жарияланымдарда да жалған не қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Азаматша Б.-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Жалған ақпаратты дайындау және жариялау жағдайларын анықтау, сондай-ақ оның қайдан алынғанын тексеру мақсатында электрондық құрылғылар мен материалдар тәркіленуде, – деді полицейлер.
Тергеу жалғасуда. Барлық мән-жайлар қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде анықталатын болады.