×
513.45
596.99
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
513.45
596.99
6.59

Әзербайжанда саяси репрессия күшейді. Оппозициялық партия көшбасшысы қамауға алынды

Бүгін, 12:33
Әзербайжанда саяси репрессия күшейді. Оппозициялық партия көшбасшысы қамауға алынды
Баку қаласының түрмесі. Фото: picture-alliance/Pacific Press

Әзербайжанның «Халық майданы» оппозициялық партиясының лидері Әли Керимли «билікті күштеп басып алуға дайындалды» деген айыппен екі жарым айға қамауға алынды. Ол 12 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Баку қаласының Сабайыл аудандық соты «Әзербайжан Халық майданы» ұлттық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Керимли мен партия басқармасының мүшесі Мамед Ибрагимді екі ай он бес күн мерзімге қамауға алуға қаулы етті. Оларға билікті күшпен тартып алуға бағытталған астыртын сөз байласу айыбы тағылған. Айып дәлелденсе, саясаткерлер 12 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Керимли 29 қарашада ұсталған еді. Әзербайжан мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оппозициялық саясаткердің үйін тінту кезінде бұрын президент әкімшілігін басқарған Рамиз Мехтиевтің атымен байланысты хаттар табылған. Қазан айында сот 87 жастағы Мехтиевті «мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды» және «мемлекетке сатқындық жасады»деген айыппен төрт айға үйқамаққа алған.

Керимлидің қарсылығы

Reuters агенттігінің жазуынша, Әзербайжан билігі Керимлиді Мехтиевтен «қаржылай қолдау алған» деп айыптап отыр. Бірақ Керимлидің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарады, оны саяси мақсатпен қолдан жасалған деп есептейді.

Әли Керимли 2000 жылы партияның бұрынғы лидері, елдің экс-президенті Абулфаз Елчибей қайтыс болғаннан кейін «Әзербайжан Халық майданының» басшылығына келген. Әзербайжан билігі жиырма жыл бойы оған төлқұжат бермей, шетелге шығуға кедергі жасап келген. 2015 жылы Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты ресми Бакудың әрекетін Керимлидің еркін жүріп-тұру құқығын бұзу деп танылған.

“Әзербайжанда саяси репрессия күшейді”

Әзербайжандық құқық қорғаушылар Әли Керимлидің қамауға алынуын елдегі саяси қуғын-сүргіннің жаңа кезеңі деп бағалап, оны дереу босатуды талап етіп отыр. «Әзербайжандағы саяси тұтқындардың бостандығы үшін» одағының мәліметінше, 2025 жылдың қазанында елдегі саяси тұтқындар саны 392-ге жетіп, Ильхам Әлиевтің 22 жылдық билік кезеңіндегі ең жоғары көрсеткішке жеткен.

Билікті ашық сынаған ондаған журналист, құқық қорғаушы мен саясаткерлер елден кетуге мәжбүр болған. Маусым айында Баку соты президент Ильхам Әлиевтің бизнесіне қатысты зерттеу жариялаған Abzas Media журналистеріне, сондай-ақ «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» (РСЕ/РС) тілшісіне қатысты айыптау үкімдерін шығарды. Жеті журналист 7,5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

 

Серіктес жаңалықтары