Каспий Құбыр Консорциумына (КҚК) жасалған соңғы шабуыл Қазақстанның энергетикалық тәуелділігін және геосаяси тұрғыдан әлсіздігін айқын көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Баламасы жоқ» — Сатпаев
Саясаттанушы Досым Сатпаевтың пікірінше, Қазақстанның мұнай экспорты КҚК-ға тәуелді болып қалған, ал оған балама бағыт жоқ және жақын перспективада болуы да екіталай. Жаңа бағыт салудың экономикалық және саяси мүмкіндігі жоқ, өйткені әлемдік алып компаниялар мұнай өндіру көлемі төмендеуі ықтимал нарықтарға инвестиция салмайды.
Оның айтуынша, Украина шабуылы Қазақстанның ең әлсіз тұсын нақты көрсетті.
– Бізге Қазақстанның кезекті әлсіздігін көрсетті. Украина біздің қай тұсымызда осал екенімізді анық көрсетті. Ол — бір ғана құбырға тым тәуелділік. Оның қаншалықты тиімді, тиімсіз екені маңызды емес, біз соған қатты байланып қалдық. Геосаяси өзгерістер мен әскери қимылдар бізді өте әлсіз жағдайға қойды. Қазір ештеңені әртараптандыра алмаймыз. Бұған уақытымыз да, ақшамыз да жоқ. Яғни біз өте ауыр тұзаққа түсіп қалдық. Бұл — Қазақстан үшін айқын әрі маңызды сабақ, – деді ол Airan бағдарламасында.
ШАБУЫЛ
29 қарашада Каспий теңізіндегі КҚК теңіз терминалында белгісіз дрон-қайықтар шабуыл жасап, ВПУ-2 айлақ құрылғысына зақым келтірген. Жарылыстан кейін терминалдың жұмысы уақытша тоқтатылып, танкерлер айлақтан шығарылды.