АҚШ 19 елден келген иммиграциялық өтініштерді уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп саналған 19 елдің азаматтарынан түскен барлық иммиграциялық өтініштердің қаралуын тоқтатты. Бұл туралы АҚШ азаматтық және иммиграция қызметі (U.S. Citizenship and Immigration Services – USCIS) 2 желтоқсанда жариялаған меморандумда айтылды.
МЫНА МЕМЛЕКЕТТЕР ҮШІН
Шектеулер негізінен Таяу Шығыс пен Африкадағы елдерге қатысты: Иран, Судан, Ливия, Эритрея, Гаити, Сомали, Йемен, Ауғанстан, Түрікменстан, Чад Республикасы, Того, Сьерра-Леоне, Экваториалды Гвинея, Бурунди, Конго Республикасы, Мьянма, Лаос, Куба және Венесуэла.
Енді осы елдердің азаматтары немесе сол жерде туған адамдар АҚШ-тың «грін-карта» (Green Card – тұрақты тұруға рұқсат картасы) немесе азаматтығын алғысы келсе, міндетті түрде қосымша тексеруден өтеді. Бұл тексеру бір немесе екі сұхбатты қамтуы мүмкін және ұлттық қауіпсіздікке байланысты барлық тәуекелдерді бағалауға бағытталған.
Америкалық билік бұған дейін мақұлданған құжаттарды да қайта қарайды: тұрақты резидент мәртебесін беру, грін-картаны ауыстыру және басқа да миграциялық құжаттар қайта тексеріледі.
БҰҒАН ДЕЙІН
АҚШ азаматтық және иммиграция қызметі толық тексеру аяқталғанға дейін барлық баспана беру өтініштерін және депортацияны тоқтату туралы өтініштерді қарауды уақытша тоқтатқан еді.
НЕЛІКТЕН БҰНДАЙ ҚАДАМҒА БАРДЫ
Бұл шаралар 2025 жылғы 26 қарашада Вашингтондағы Ақ үй маңында болған оқиғадан кейін қабылданды. Сол күні Ауғанстаннан шыққан Рахманулла Л. есімді азамат АҚШ ұлттық гвардиясының екі әскери қызметкеріне оқ атқан. Олардың бірі ауруханада көз жұмды, екіншісі ауыр жағдайда қалды.