Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек үкіметтің жұмысын өткір сынға алып, жылдар бойы қордаланған мәселелерге қатысты шенеуніктердің «дұрыс жауап бере алмай отырғанын» айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жауап бермесе — жағасынан аламын»
Мәжіліс кулуарында сөйлеген Бақытжан Базарбек соңғы уақыттағы ең қатаң мәлімдемелерінің бірін жасады. Ол атқарушы билікті жылдар бойы шешімін таппаған жүйелі проблемалар үшін айыптады. Депутаттың айтуынша, әлеуметтік түйткілдер, коммуналдық инфрақұрылым, жер мен құрылысқа қатысты даулар ұзақ жылдар қозғалыссыз жатқан, соның салдарынан қоғамда наразылық күшейіп отыр.
«Мәселелер жылдар бойы жиналды»
Депутаттың сөзінше, министрлердің нақты жауап бере алмауы — немқұрайлылық емес, үкіметтің өз ішінде не айтарын білмей отырғанының көрінісі.
- Түсініңіздер, үкіметтің айтар сөзі қалмады деуге болады. Мәселелер жылдар бойы жиналып, қордаланды. Енді ғана жұмыс басталып жатыр, — деді ол.
Базарбек 2023–2024 жылдары көтерген мәселелерінің ұзақ уақыт назардан тыс қалғанын, енді соның салдары қоғамдағы қысымға әкеліп отырғанын атап өтті.
«Өтініштерімнің 95%-ы тексерулерге себеп болады»
Депутат өз сауалдарының нақты нәтиже беретінін, олардың негізінде тексерулер басталып, қылмыстық істер қозғалып, талап-арыздар дайындалатынын жеткізді.
- Мен өз сауалдарымды жолдаймын — олардың 95%-ы іске асады. Егер үкімет ұмытып қалса, жағасынан аламын. Сондықтан олар мені жақсы біледі, — деді Базарбек. Ол әр сұрағының орындалуын соңына дейін талап ететінін қосты.
Депутаттардың жаппай сыны
3 желтоқсанда мәжіліс депутаттары үкіметтің жұмысына ашық наразылық білдірді. Спикер Ерлан Қошановтың айтуынша, берілген жауаптар «сенімді емес», ал шенеуніктер мәселені шешудің орнына жауапкершілікті бір-біріне ысырып, келісу рәсімдерін созып жүр. Елнұр Бейсенбаев та кейбір министрлердің конструктивті әңгімеге дайын еместігін айтты.