×
499.65
582.89
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.65
582.89
6.47

Тендердің төңірегі: жаңа жылдан бастап не өзгереді

Бүгін, 22:10
Тендердің төңірегі: жаңа жылдан бастап не өзгереді
Ulysmedia коллажы

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау және орындау кезінде қосылған құн салығын есептеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЛАР

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, жылдық жоспарлар бекітілген бюджет пен жеке қаржыландыру жоспарлары негізінде жасалады. Бұл жоспарлар қосылған құн салығын есепке алмай құрылады. Ал салық пен акциздерді төлеу шарттары жоспарға емес, сатып алу рәсімінен кейін жасалатын келісімшартқа енгізіледі. Бұл талаптар салық және кеден заңнамасына сәйкес келеді.

ҚҚС ЖАҢА МӨЛШЕРІ

Салық кодексінде көрсетілгендей, қосылған құн салығы тауар, жұмыс және қызмет көрсетудің айналымына есептеледі. Айналым күні – тауарды тапсыру немесе орындалған жұмыс пен көрсетілген қызмет актісіне қол қою күні болып саналады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды және ол бұрын жасалған келісімшарттарға да қолданылады.

ЖАУАПКЕРШІЛІК&ШОТ-ФАКТУРАЛАР

Қосылған құн салығын төлеуші жеткізушілер Салық кодексінің талаптарына сәйкес шот-фактура рәсімдеуі тиіс. Егер жеткізушінің мәртебесі өзгерсе, заң келісімшарттағы соманы салыққа сәйкес түзетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жеткізілім сапасы мен шарттары өзгермейді.

АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ЖҮЙЕ

Мемлекеттік сатып алу веб-порталы жеткізушінің мәртебесін автоматты түрде анықтап, келісімшартқа қосылған құн салығының сомасын енгізеді. Сонымен қатар, жүйе тауардың құнын салық салынатын және салынбайтын бөліктерге бөледі.

БІРЫҢҒАЙ ҚОЛДАНЫС

— Осылайша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын орындау кезінде қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайыз болып қолданылады. Бұл ереже келісімшарттың жасалған күніне қарамастан, жеткізуші айналым кезінде қосылған құн салығын төлеуші болса, міндетті түрде іске асады, — деп атап өтті министрлік.

МИНИСТРЛІКТІҢ МАҚСАТЫ

Веб-портал техникалық тұрғыдан жетілдірілгенін айтады министрлік өкілдері. Енді жүйе жеткізушінің мәртебесін автоматты түрде анықтап, келісімшарттың соңғы сомасын түзетуге мүмкіндік береді деген сенімде. Бұл тәсіл түсінбеушіліктерді болдырмауға, дауларды азайтуға және салық заңнамасын біркелкі қолдануға бағытталған.

Серіктес жаңалықтары