Бұл сұраққа «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ӘСЕРІ
Оның айтуынша, егер инфляция деңгейі жоғары күйінде қалса, қазақстандықтар тағы да шаршы метрдің қымбаттауына куә болады. Ал инфляциялық қысым төмендесе, нарықтағы баға қозғалысы әлдеқайда баяу болмақ.
НАРЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ
«Менің ойымша, 2026 жыл 2025 және 2024 жылдардағыдай өтеді. Егер жалпы инфляция деңгейі жоғары болса, тұрғын үй бағасы өседі. Бірақ біздің кепілдегі пәтерлер бойынша айтарлықтай қымбаттау байқалып отырған жоқ. Негізінен, нарық тыныш жағдайда тұр. Кейбір сарапшылар оны тоқырау деп бағалайды. Әсіресе екінші нарықтағы тұрғын үйде белсенділік төмен. Сатып алу-сату мәмілелері көп емес, ипотека өте қымбат, әр келісім үлкен саудаласумен және жеңілдікпен жасалып жатыр», — деді Ибрагимова.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА КЕҢЕС
Банк басшысы қазір үй алу-алмауды ойлап жүрген азаматтарға кеңес берді. Ләззат Ибрагимованың сөзінше, егер бұл бірінші баспана болса және отбасы жалдамалы пәтерде тұрса, сатып алуды кейінге қалдырмаған жөн — бөтеннің үйіне жалдау ақысы төленгенше, өз баспанасына ақша салған дұрыс.
Ал егер сатып алу инвестиция ретінде қарастырылса, яғни кейін қайта сатуды көздесе, онда басқа қаржылық құралдарға назар аударған тиімді. Мысалы, бағалы қағаздар немесе жоғары пайыздық мөлшерлемесі бар депозиттер. Себебі, банк басшысының пікірінше, алдағы уақытта тұрғын үй бағасының күрт өсуін күтуге негіз жоқ.