Алматы облысында шекара заставасында өрт шығып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
2025 жылғы 6 желтоқсанда Алматы облысындағы «Нарынқол» шекара заставасының аумағындағы қызметтік тұрғын үйде өрт шықты.
Оқиға орнына жеткен облыстық төтенше жағдайлар департаменті күштері өртті толық сөндірді. Төтенше жағдай салдарынан бір әскери қызметші мен оның баласы көз жұмды.
Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
– Шекара қызметі қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғыға ортақтасып көңіл білдіреді. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр, - делінген хабарламада.
Еске салайық, 18 қарашада Түркістан облысындағы Алғабас ауылында жеке үйден өрт шығып, 12 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.
Ал 1 желтоқсанда осы қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен жеті жасар қыз қайтыс болды.